Бұл шара Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» әлеуметтік жобасы аясында «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Мүшәйра 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай жастардың шығармашылығын арттыру, дарынды жастарға қолдау көрсету және өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында қолға алынды. Байқауға 16-22 жас аралығындағы Қызылорда қаласы мен аудандарда, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында іріктеуден өткен, барлығы - 16 талапкер қатысты.
Байқауға қатысушылар қазақтың белгілі ақындарының көркемдігі жоғары өлеңдерінен жатқа үзінді оқып, тәуелсіздікке арнап шығарған өзінің өлеңін көпшілікке ұсынды. Талапкерлердің өнерін «Өрлеу» біліктілігін арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметшілердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы Мәрия Орманова басқарған қазылар алқасы бағалады.
Байқаудың сарапшылары үміткерлердің өнерін бағалау кезінде талапкерлердің өлеңді таңдау талғамына, өлең-жырларындағы сөз қолданысына, ұйқасына, ой тереңдігіне, көркемдік ерекшелігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, жатқа оқу шеберлігіне, сондай-ақ, сахналық киім мәдениетіне баса назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің 2-курс студенті Санақұл Бексұлтан Бас жүлдені жеңіп алса, Жаңақорған ауданындағы С.Сапарбеков атындағы №124 орта мектептің 11-сынып оқушысы Айтжан Сержан 1-орынды, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 3-курс студенті Жалғасбекұлы Шернияз ІІ орынды, Жалағаш ауданындағы №114 орта мектептің 9-сынып оқушысы Бауыржанқызы Мерей ІІІ орынды иеленді.
Ынталандыру сыйлығына Қазақ гуманитарлық заң және техникалық жоғары колледжінің 3-курс студенті Ахат Аружан, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 2-курс студенті Жақыпова Сәния және Шиелі ауданындағы №150 қазақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы Қалиев Ердәулет ие болды. Байқау жеңімпаздары басқарманың дипломдары және ескерткіш сыйлықтармен марапатталды.