Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Жыраулық өнердің жампозы

Республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты, Арал өңіріндегі жыраулық өнерді әлемдік сахнада алып шыққан талантты тұлға - жырау марқұм Рысбек Әшімовтің естелігі.
Қазақ халқында өнер деген үлкен кеңістік бар. Он сегіз мың ғаламда бұл өнерге сыймайтын, бұл өнермен қиыспайтын, бұл өнермен жұғыспайтын бірде-бір тіршілік жоқтың қасы. Біреу етікші енді бірі тігінші, зергер, ұста, ақын, күйші, әнші болып кете береді. Әрбір тіршіліктегі адамға Алла тағала бір немесе бірнеше өнер беріп, ырзық-несібесін жинауға, өмір сүруге ықтият берген. Бірақ әркім өз жолымен жүру керек. Кәсіпші болсын, өнерпаз болсын, оған Алла берген кие сыйын аялап, оны құлай сүйіп, қадірлей білмесе оған да Алланың керағар тоспасы дайын. Алла берген кие өнерді аялап, сүйіп, қадірлеп қана қоймай, бұл өнерді Алланың берген адал жолымен ұстап, тұтынып, өзіңмен замандас, дәуірлес халқыңа және басқа ұлт-ұлыстарға қызмет етуге, осы қызметің арқылы өз халқыңның мүддесін, өз халқыңның жарқын дидарын асқақтата білуің керек.
Ел ішінде ұлтшыл, ұлтжанды деген сөздер жиі-жиі айтылады. Менің айтарым, бұл менің өзімнің ғана пікірім, ер адам елжанды, дінжанды болуы керек. Дінжанды болса, Алланы мойындап, мәдениетті, иманды, өз білгені мен көргенін ел ішінде насихаттап, үйретіп, елді рухтандырып отырады.
Елжанды болса, елін, жерін, халқын, Отанын, ошағын сүюмен қатар, өз халқы үшін басын бәйгеге тігіп, ел үшін өлуге де барады. Нағыз ер-азамат осындай болуы керек-ті.
Дәл осындай аяулы азаматтың бірі де, бірегейі де Қуандық жырау Бүрлібаев еді. Қуандық ағам екеумізді осы Алла сыйы өнер тоғыстырған еді.
Қуандық ағам үнемі ыржиып күліп жүретін. Өте бауырмал, жан-жағына қамқор, достыққа да, жолдастыққа да адал, жол жүргенде де мәдениетті, өнер додаларында да сыпайы, өз орнын білетін керемет Алла»сый берген баракатты өнерпаз еді. Талай рет бірге үлкен-үлкен Қазақстанның түпкір-түпкірінде өткен өнер сайыстарында, басқа да Кеңес Одағының әр жерлерінде өткен өнер додаларында бірге өнер көрсеттік. Осы сайыс додаларда Қуекеңнен асып-артылған өнерпаздар болмады. Қай елдің, қай жердің сахнасы болсын Қуекең өзінің дарабоз өнерпаз екенін дәлелдей білді.
1987 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында дүние жүзілік фольклорлық-этнографиялық фестивальге Қазақстанның атынан Қуекең бар, баласы Амандық, қызы Жадыра және мен, төртеуміз қатыстық. Қуекең фестивальдің бірінші күнінің орта шенінде сахнаға шығып, отырған тыңдармандармен қатар, өнер зерттеуші музыка мамандары мен ғалымдарды естен тандыра таңқалдырды. Құдірет қолдап, Қуандық ағам бір болмаған зор даусымен, бұнымен қатар домбыра сазымен адам айтып жеткізе алмайтын тамақпен жыр айту стилінің ерекше бір әдісін көрсетіп, жұртты тәнті етті.
Концерттен соң атақты музыка зерттеуші, этнограф-ғалым, доктор, өнер зерттеуші академик Изоли Иосифович Земцовский (екеуі құрдас еді ): «Қуекең сегодня блистящий выступил и даль жару» деген еді маған. Мұндай таңдандырып, тамсанту «баракатты өнерпаз» Қуекеңе ғана лайық еді.
Жоғарыда мен Қуекеңнің бір ғана өнер додасындағы ісін, өнердегі үлгісін айтып өттім. Жалпы, Қуекең барлық уақытта тыңдаушыларын таңдай қағып, тамсандыра білген өнерпаз еді. Қысқа саналы ғұмырында Бүрлібаев Қуандық ағам ел-жұртына, қазақ халқына, қазақ халқының өлмес мұрасы, өнегелі өнер, жыраулық дәстүрді жалғастырушысы, насихаттаушысы, осы ұлық өнермен қазақ ұлтының шынайы жарқын бейнесін әлем жұртына паш етіп, көрсете білген дарынды ұлық өнерпаз, аяулы азамат еді.


Рысбек ӘШІМОВ,
жырау.

Арал қаласы.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: