Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Домбыра ұлттық өнерді ұлықтайды

Әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұратын домбыра ұлттық өнерді ұлықтайды. Оны ұлтымыздың жаны дерсің. Халқымыз бабаның көзіндей, қазақтың өзіндей болған қастерлі дүниенің қадір-қасиетін құрметтей біледі.
Әдетте домбырасы жоқ шаңырақты мұрасы жоқ үй ретінде бағаланады. Ғасырлар бойы сақталған даланың рухы мен бабаның ғұрпын бүгінге жеткізген ұлттық құндылықтың тамыры тым тереңде жатыр. Домбыраның өзіне тән үні бар, сол қоңыр үнді нағыз шебер ғана өз нақышына келтіріп орындай алады.
Қашанда қазақ пен домбыра егіз екенін айтады. Екеуінің біртұтас ұғымға айналып кеткеніне тарих куә. Сол қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үні талай қазаққа рух береді. Оның шанағынан төгілген әсем әуен мен тәтті күйге тәнті болып, құлақ құрышын қандырамыз. Дегенмен домбыраның да алуан түрлі болатынын біле бермейді екенбіз. Қазақ даласының әр өңіріндегі домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен өнерпаздың орындаушылық мәнеріне қарай өзгеріп отырған. Сондай-ақ, оркестр құрамында бас домбырада ойнайтын өнерпаз өнері де біздер үшін өте қызықты. Сыртқы пішімі гитараға ұқсас келген үш ішекті музыкалық аспаптың ерекшелігін Қазанғап атындағы музыкалық колледждің директоры Кеулімжай Ботабаевтан сұрап көрдік.
– Ән мен жыр айтуға арналған домбыраның пернесі 8-9, әрі кеткенде 14-15-ке жетсе, күй домбырасынан 20-дан астам перне табылады. Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай өзгереді. Домбыра негізінен екі және үш ішекті болып келеді. Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрі бар. Олар балдырған, балашық, кең шанақты, 3 ішекті шертер мен прима бас домбыра болып бөлінеді. Бас домбырада ішектің дауысы басымырақ. Көп ішекті және екі ішекті домбыралардың құрылысында ұқсастық көп. Басты айырмашылық – ішекті домбыралардың мойны қысқа, пернелері жылжымалы. Домбыраға қосалқы ішек тағылуы және ішекті қос-қостан тағу орындаушылардың аспаптың үнін жетілдіріп, үнемі ізденіс үстінде болғанын көрсетеді. Екі ішекті және үш ішекті түрлерінің көп ішекті жетігенмен және үш ішекті шертермен ұқсастығы бар. Мәселен, үш ішекті бас домбыраны тартудың қалыптасқан дәстүрін қазақтың аспаптық шығармашылығы дамуының кезеңіне жатқызуға болады. Оның жетілдірілуі музыканың дамуымен тығыз байланыста жүргізілді. Осының бәрі қазақ халқының ән-күй мұрасын байыта түсті. Әрі бас домбырада орындалатын күйлер өзгеше естіледі және олардың орындалу тәсілі де басқаша, – деді Кеулімжай Ботабаев.
Бүгінде Тұрмағамбет оркестрінің құрамында Самат Абылаев пен Нұртуған Ермекқараев есімді екі өнерпаз бас домбырада ойнайды. Бұдан бөлек, биыл Қазанғап атындағы музыкалық колледждің оқушысы Нұртілек Қапанов Нұр-Сұлтан қаласында өткен жас өнерпаздар арасындағы сайыста бас домбырада ойнауда жүлделі 2 орынды иеленді.
– Бала кезімнен бас домбыра ойнауды армандаушы едім. Себебі, домбыра – қазақ үшін жәй ғана музыкалық аспап емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құндылық. Халқымыз домбыраға үкі тағады. Төріне іледі. Күйшілерді төредей күтіп, төбесіне көтерген. Жас домбырашы ретінде мен де сол ұлы мұраттарға жетсем деймін. Осыған дейін республикалық түрлі додаларда топ жарып, биіктерді бағындырып келемін. Мұның бәрі колледж ұстаздарының ерен еңбегі деп білемін, – деді Нұртілек Қапанов.
Қасиетті өнердің қадірін арттырып, ұлттық өнерімізді ұлықтауда дәстүрлі әншілердің еңбегі зор.
Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра! деп белгілі ақын Қадыр Мырза Әлі домбыра туралы жырлағандай, домбыра қазақтың жаны, рухы, тарихы, бүкіл бітім-болмысы екені даусыз. Олай болса, ұлт аспабы – ұлттық домбыраны мемлекеттік деңгейде мерекелеу елдің еңсесін көтеріп, халықтың рухын оятады.

Айнұр МАМАНҚЫЗЫ
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: