Қарапайым ойыннан спорт пен өнер сатысына жеткен интеллектуалды сайыстың бірі − шахмат. Бұл сала Қазақстанда жетекші спорттың біріне айналды. «Корольдер алаңында» біліктілігімен көзге түскен гроссмейстерлер көбеюде. Әлемдік аренада бақ сынап, жеңіс төрінен көрінген жерлестеріміз бар.
Мәселен, 2022 жылы Грецияның Родес қаласында жасөспірімдер және қыздар арасында өткен әлем чемпионатында Сыр сұлуы Назерке Нұрғали әлем чемпионы атанды. Сол жылы Польшада әлем спортшылары бас қосқан додада жерлесіміз Әсел Серікбай үздік бестіктің қатарына қосылып, ел мерейін үстем етті. Мұндай жеңістің артында үздіксіз дайындық пен жаттықтырушылардың еңбегі жатыр. Осы орайда шахматтан облыстағы аға жаттықтырушы Риза Қошқаровамен хабарласып, бұл спорттың маңыздылығы туралы сұхбат құрдық.
− Риза ханым, шәкірттеріңіз әлем чемпионатында үздік нәтижеге қол жеткізуде. Жаттықтырушы ретінде оқушыларыңызға қандай құндылықтарды үйретуге тырысасыз?
− Бүгінгі еңбек − ертеңгі жеңіс. Жаттығу немесе сайысқа дайындық процесінде жетекші шахматшылардың материалдары пайдаланылады. Тактика, стратегия, дебют, эндшпиль, ойын барысын онлайн қарап, талқылаймыз.
− Шахматқа икемді баланы қалай танимыз?Назерке, Әсел сынды оқушылармен қалай таныстыңыз?
− Кез келген ата-ана баласын шахмат курстарына бермес бұрын, баланың ойөрісіне мән бергені абзал. Шахмат адамның ойлау қабілетін дамытады. Менің ойымша, 3 жастан бастап балаға логиканы дамытатын ойындар, санамақ, бояу дәптерлерін үйрету қажет.
Әсел мен Назерке №136 мектепте оқитын. Мен де дәл осы білім ордасында болашақ шахматшылар командасын жинақтау үстінде едім. Шахмат кабинетіндегі алғашқы кездесу барлығын түбегейлі өзгертті. Қыздарға барлығы ұнап, сабақтан мүлде қалмайтын еді.
Әсел шахматқа 2008 жылы келді. Ол кезде небәрі алты жасар қыз еді. Шахматқа қызығушылығының арқасында сол жылы Қарағанды қаласында өткен Дәрмен Садуақасов атындағы кубокта бақ сынап, ең жас қатысушы атанды. Ал 2009 жылдың наурызында 8 жасқа дейінгі балалар турнирінде қола жүлдегер атанды. Арада 2 жыл өткеннен кейін Әсел Қазақстандағы 8 жасқа дейінгі балалар арасындағы бәсекеде классика, рапид және блиц бойынша үш алтын медаль жеңіп, чемпион атанды. Осылайша Грециядағы әлемдік додаға жолдама алды. 81 қатысушы бақ сынаған ақыл-ой спортында біліктілігімен үздіктер қатарынан көрініп, 3-орынды межеледі. Қызу дайындықтың арқасында жас шахматшы қызымыз 2011 жылы әлем чемпионы атанды. Румыня, Шри-Ланкада өткен жарыста 2-орын алса, 2018 жылы Грецияда әлем чемпионы мәртебесін иеленді.
Алты жасынан бастап шахматты меңгерген Назерке 8 жасында Қазақстан чемпионы атанды. Ол − шахматтан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының 16 дүркін чемпионы, әйелдер арасындағы рапид және блицтан 2 дүркін Қазақстан чемпионы, қыздар арасындағы Әлем чемпионы, Үндістандағы шахмат Олимпиадасының қатысушысы, 20 жасқа дейінгі Азия чемпионы, спорт шебері.
Қыздар әлем, Азия чемпионы болу жолында тер төкті. Әсел мен Назеркеде екі-екіден гроссмейстер ұпайы бар. Ендігі кезекте тек біреуі қалды. Биыл аяқтайтынымызға сенеміз.
− Сіздің ойыңызша, мықты гроссмейстер болу үшін не істеу қажет?
− Бұл салада мықты маман болу үшін үздіксіз әрі жүйелі түрде дайындалу міндетті. Бұл уақыт пен көп жаттығуды талап етеді. Ал гроссмейстер лауазымын алу үшін физикалық белсенділікті арттырумен қатар турнирлерге көп қатысу қажет. Гроссмейстерлер қатысатын үздік турнирлерде перфоманс 2450 болуы керек, 9 ойыннан тұратын сайыста 4 гроссмейстермен кездеседі. Бұл, әрине, оңай емес.
− Қызылордадағы шахматтың болашағы қандай?
− Сыр өңірінде Қазақстан чемпионатында 1-орын алған чемпион ұлдар бар. Олар − Ақылжан Мейірханұлы мен Ернұр Ержанұлы. Жас шахматшылар Қазақстан атынан Бразилия және Италияда өтетін әлем чемпионатына қатысу құқығын жеңіп алды. Сондай-ақ, Қызылорда облысының атынан қатысатын Аңсат Алдияр 2023 жылғы ерлер арасындағы Қазақстан чемпионы. Биыл «жыл спортшысы» атағын иеленді.
Өңірдегі, аудандардағы спорт мектебінде, сонымен қатар қалада «Чемпион», «Мерей» секілді шахмат үйірмелері бар. Қазіргі уақытта қатысушыларды Әділет Ерсерік, Мейржан Бармағамбетов, Үсен Махамбетов, Бекболат Мизанбаев есімді жаттықтырушылар дайындайды.
− Ақтөбе қаласында ұйымдастырылып жатқан байқау туралы айтсаңыз. Өңірден кімдер қатысуда?
− Дәл қазір Аркадий Дварковичті еске алу мақсатында «Aktobe Open − 2024» халықаралық турнирі және ардагерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр.
Бұл байқауға біздің ең мықты спортшыларымыз − Ақылжан Мейрханұлы, Нүрсәт Оспан, Кәусар Али, Олжас Азатжанұлы, ал ардагерлер турниріне Тимур Қасымов, Ғалымжан Ибраев, Барат Жетпісбаев қатысуда.