Әлібек ТЕМІРБЕК
Гүлжан Жұманова. ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында есімі жаһан жұртына мәшһүр болған балуан. Иә, ол самбо мен дзюдодан талай бәсекелі турнирлерде дараланып, елдің намысын лайықты қорғады. Бүгінде балуандарды баптап, олардың бәсекелі додаларда жеңістің тұғырына көрінуге еңбек сіңіруде.
– Алғашында баскетболға қызықтым. Студенттік кезден күрес залына барып, тер төктім. Бағым болар, аз уақытта республикалық турнирлерде орын ала бастадым. Әлем, Азия чемпионатында олжа алдым, – деп бастады әңгімесін ол.
Оның бапкерлік жолда жүргеніне 20 жылға жақындады. Осы уақытта қаншама мықты спортшыларды тәрбиеледі. Олардың ішінде әлем чемпиондары да бар. Сондықтан чемпион жүрген жолмен жүріп көруді мақсат тұттық.
– Мектепті бітіріп, Түркістандағы А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Екі айдан соң Ақкенже деген құрбыммен күрес үйірмесіне бардым. Алғашқы ұстазым, самбо және дзюдо бөлімінің жаттықтырушысы Әбсадық Халилаев болды. Ол ардагерлер арасындағы әлем чемпионы болатын. Әдісті оң және сол жаққа жасағанымды көріп, қабылетімді танып, күреспен тыңғылықты шұғылдануыма кеңес берді. Білікті бапкердің қол астында жаттығып, төрт жыл ішінде универсиада мен Қазақстан чемпионатында жүлде алдым, – дейді ол.
Ол студенттер арасында ҚР Спартакиадасында жеңімпаз атанып, өмірі басқа арнаға бұрылады. Енді кәсіби спортшы ретінде бабында жүруге міндетті. Ол үшін уақытылы жаттығу залында болып, тер төгуі тиіс, уақытылы ұйықтап, жарақаттан сақтануы тиіс. Осының бәріне жауапкершілікпен қарап, спортта биік-биік жетістіктерге жетеді. 2002 жылы жоғары мектепті бітіргеннен кейін туған жері Түгіскенге қайта оралады.Ауыл балаларын қазақ күресіне баулып жүрген білікті бапкер Нұрбек Палымбетов пен Әбдісаттар Садықов жас балуанға самбо мен дзюдодан үйірмеге шақырады. Содан бері Гүлжан Жұманова тәжірибесін түгіскендік жастармен бөлісіп келеді.
– Бапкерлік жұмыстың қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Түгіскен филиалына келгенімде тобымда 90 талапты өспірім болды. Оларды үш топқа бөліп жаттықтырдым. Бір жыл өткеннен кейін төккен тер жемісін бере бастады. 2003 жылдың ақпан айында самбодан жасөспірім, жастар және әйелдер арасында ел чемпионаты өтті. Өзіммен бірге жеті шәкіртім жарыс жолынан табылдық. Бұл – Азия чемпионатына іріктеу жарысы болатын. Не керек, өзім мен Эльвира шәкіртім қоланы еншілесек, Ақеркеге күміс бұйырды. Сөйтіп үшеуміз де сары құрылық бәсекесіне аттандық, – деді ол.
Маусым айында Өзбекстанның бас шаһары Ташкентте өткен Азия чемпионатында жасөспірімдер арасында Эльвира, әйелдер арасынан Гүлжан қоламен оралды. Сол жылы қос шәкірті дзюдодан халықаралық турнирде жүлде сыйлады. Жалпы Сыр өңірінде Гүлжан жаттықтырған қыздарға тең келер қарсылас болмады. Эльвира Нарқожаева, Жанна Мамырайымова, Ақерке Сайфунова, Әйгерім Мамырайымова және Мереке Құдайбергенова облыста үнемі алтынмен сүйіншілеп, ел чемпионатында да табысты өнер көрсетті. Әсіресе Мереке Құдайбергенованың жеткен жетістіктері бір төбе. Ол бапкерінің үкілі үмітін ақтап, әлемді бағындырған аудандағы алғашқы балуан қыз.
– Мені күрес әлеміне алып келген Гүлжан апай болатын. Ұстаз жүрген жолмен жүріп, осы уақытқа дейін көптеген шыңды бағындырдым. Енді өзім де осы ізбен келемін. Әбдісаттар ағайдың да тәлімі мол берілді. Қазақ, белбеуі, самбо және дзюдодан біраз биікті еңсердім. Сондықтан Гүлжан бапкерімнің сіңірген еңбегіне алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді чемпион қыз.
Міне, құрылысшы Әбсаттар Жұманов пен ұстаз Гүлайым Жұманованың шаңырағында дүниеге келген қыздың қырық жылда жеткен жетістігі осындай.
– 2004 жылы Гүлжан Аққорғанда ашылған спорт мектебі директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Ол осы жауапкершілікті абыроймен атқарып келеді. Ең бастысы, Гүлжан шәкірттерімен мақтана алады. Әлі де даңқты спортшыларды шығаратыны анық. Ол осы жолда еңбектенуде, – дейді білікті бапкер Әбдісаттар Садықов.