Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Дмитрий Огай: "Команданың ойынына жарақаттар кесір болып жүр"

Тең есеппен аяқталған «Қайсар» - «Атырау» кездесуінен кейін алаң иелерінің бас бапкері Дмитрий Огай баспасөз мәслихатын өткізіп, көпшіліктің көкейінде жүрген біраз сұрақтарға қанықты жауаптарын білдірді. Бұл жөнінде "Қайсардың" баспасөз қызметі мәлім етті.

 

- Дмитрий Алексеевич, бүгінгі матч туралы ойыңызды білсек...
- Бұл ойын маған Премьер-лиганың бірінші туры аясында өткен «Қайсар» - «Жетісу» кездесуін елестетті. Ол кезде де екі команда гол соғатын көптеген қауіпті шабуылдар ұйымдастырғанымен таблода тең есеп тіркелген болатын. Бүгін маған жігіттеріміз матч бойы ашыла алмай, аздап қорқып ойнағандай болып көрінді. Неге бұлай екенін білмедім. Әлбетте, мүмкіндіктеріміз болды. Ойынның соңғы жағында тамаша шабуыл жасап едік. Соны жетесіне жеткізуіміз керек еді. Жеңіске жетуге жақын болдық. Бірақ қарсылас та қарап қалмады. Барынша тырысты.
- Ұлттық құрамамыздың ойындарына байланысты ұзақ демалдық. Бүгін жігіттердің көсіле алмауы соның кесірінен шығар. Қалай ойлайсыз?
- Мен мұны ел чемпионатындағы үзіліспен емес, командамызда жарақат алған ойыншыларымызды тым көп болуымен байланыстырар едім. Біраз футболшылар бүгінгі ойында жарақаттарына байланысты көмектесе алмады.
- «Қайсар» - «Ертіс» кездесуінен кейін Сізді облыс әкімі өзіне шақырып, сөйлесті деген сыбыс бар. Содан кейін «Қайсар» түзде «Шахтерден» басым түсті. Сонда қалай, команда жеңіске жету үшін әрдайым Сізді әкім шақырып тұруы керек пе?
- Біріншіден, ол кезде әкім мені өзіне шақырған жоқ. Екіншіден, түсінулеріңіз керек қой, әрдайым жеңіске жете беру мүмкін емес. Оның үстіне, неге әкім шақырса болды, келесі матчта міндетті түрде жеңуіміз қажет деп ойлайсыздар?! Футболда бәрі де мүмкін: бір күн жеңсең, келесінде жеңілесің. Әрдайым сәтті ойнай беру мүмкін емес. Ал чемпионат енді ғана басталды. Алда әлі жеңістер де болады, жеңілістен де қашып құтылмаймыз.
- Дмитрий Алексеевич, Жасұлан Молдақараев екінші таймда алаңға шыққанда әрдайым ойынды күшейтетін. Бүгін ол бастапқы хаттамада да болған жоқ. Себебі неде?
- Бүгін біз Думанға мүмкіндік бердік. Егер Нәрзілдаевты алаңға шығармағанда тағы да «неліктен» деп сұрар едіңіз. Жалпы, соңғы жаттығуларда Думан барынша тырысты. Өзін жақсы қырларынан көрсетті. Дубльдік матчтарда да жақсы жағынан көрінді. Жалпы, әр ойыншыға мүмкіндік беруіміз керек. Егер тұсаулап тастасақ, онда ойынға деген құлшынысын жоғалтады. Ал Думанның бүгінгі ойынына бағаны өздеріңіз бересіздер. Сондай-ақ, хаттамаға біз 18 ғана ойыншыны тіркей аламыз. Одан артық футболшы қоса алмаймыз. Егер Жасұланды қоссақ, басқа біреу сапқа іліне алмай қалар еді. Бас бапкер мұндай сұрақтардан ешқашан құтыла алмайды. Мәселен, Хунтты қоспасақ, «неге Римо жоқ?» тағы сұрар едіңіздер. Дұрыс түсініңіздер, хаттамаға енбей қалатын ойыншылар міндетті түрде болып тұрады. Әлбетте, егер жаттығуларда жанын салар болса, алдағы уақытта Жасұлан міндетті түрде алаңға шығады.
- Байқадыңыз ба, жанкүйерлер арасында команда капитаны Кирилл Шестаковты жақтырмайтындар көп. Неге ойын барысында оны өзге ойыншымен алмастырмасқа? Әлде Шестаковтың орнын басар ешкім жоқ па?
- Егер жанкүйерлер жақтырмайды деп ойыншыларды алмастыра берсем, онда несіне бас жаттықтырушымын?! Командаға мен жауап беремін. Ертең мысалға жанкүйерлерге Мартин Кляйн немесе басқа ойыншы ұнамай қалса, оларды командадан алып тастауым керек пе?! Сонда сіздер бапкерлер алқасы команда нашар ойнасын деп осылай жасап отыр дейсіздер ме?! Оның үстіне, сіздер түсінулеріңіз керек, алаңда ережеге сәйкес, бес қазақстандық болуы тиіс. Егер мен қазақстандықты алып тастасам, оның орнына басқа қазақстандық ойыншыны шығаруым керек. Ал бізде қосалқы құрамда бұл шепте ойнайтын қазақстандық футболшы қалған жоқ. Қайрат Нұрдәулетов жарақат алып қалған. Ол әлі жаттығуларға да дұрыс қатысқан жоқ. Ал бұл қапталға легионерді шығару үшін онда алғы шептегі легионер шабуылшылардың бірін алып тастауым қажет болар еді.
- Хаттамада Вук Митошевич есімді жаңа ойыншы болды. Жаттығуларда көрдік, өте шебер екен. Бүгін оны бірінші минуттан бастап алаңға шығару жоспарда болды ма?
- Вук – шұғыл түрде командаға алынған ойыншы. Пламен Димов өте ауыр жарақат алып, орнына тез арада өзге ойыншы алуға мәжбүр болдық. Деңгейін зерттеп жататын уақыт болған жоқ. Егер басқа ойыншы алмағанда біз қазір бір ойыншысыз қалар едік. Иә, шеберлігіне күмәнім жоқ. Бірақ ол бізбен жаттығуларға екі-ақ рет қатысты. Рас, мен оны бірінші минуттан алаңға шығарғым келді. Алайда ойлана келе, бұл райымнан қайттым. Ол алдымен Қазақстан футболының атмосферасын сезініп, талаптарымызға үйренуі тиіс. Иә, түсінемін, ұзақ сынап жататын уақыт жоқ. Сонда да бірден алаңға шығаруға бел бумадым. Сонымен қатар, «Қайраттан» Сергей Кейлерді жалға алдық.




Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: