Қызылордада Балаларды қорғау күніне орай «Қайсар» футбол клубының ұйымдастыруымен өткен 2005-2006 жылғы жеткіншектердің республикалық турнирі мәресіне жетті.
Бес күнге созылған бәсекеге қатысу үшін сегіз команда өтініш білдірген болатын. Жарысқа үш команда қосқан Қызылорда қаласынан бөлек, Шымкент, Тараз, Павлодар және Ақтөбе қалалары да өз болашақ жұлдыздарын жіберіпті.
Бас жүлдеге топтық кезеңде қарсылас шақ келтірмей, барлық кездесулерінде жеңіске жеткен Қызылорданың «Қайсары» мен Павлодардың «Ертісі» кездесті. Жас «қайсарлықтар» өз жерінде намысқа тырысып, жеңіс үшін бар өнерлерін ортаға салғандарымен қонақтардың қарқыны қатты болып, қатарынан екі гол соғып кетті. Тек ойынның аяқталуына бірер минут қалғанда ғана Ғалымжан Үмбетбаев шәкірттері бір тура соққымен жауап бере алды. Ал үшінші орын үшін өткен ойында Шымкент дербиі орын алып, №7 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы «Ордабасының» футбол орталығын ойсырата жеңді. Бесінші орын «Тараз» жеткіншектеріне бұйырса, алтыншы орынды «Ақтөбе» еншіледі. Жетінші орын «Қайсар-2» командасына бұйырып, турнирді Қызылорданың №6 ОМБЖОР командасы қорытындылады.
Сондай-ақ, турнирдің үздік номинанттары да марапатталып, жүлдегерлер мен жеңімпаздарға естелік кубоктармен арнайы дипломдарды «Қайсар» футбол клубының директоры Руслан Балтиев, Қазақстан футбол федерациясының техникалық директоры Евгений Булгаков, «Қайсар» футбол орталығының жетекшісі Талғат Сыздықов және турнирдің бас төрешісі Бейбіт Көпжасар табыстады.
Турнир номинанттары:
Үздік қақпашы – Никита Политик («Ертіс», Павлодар)
Үздік қорғаушы – Нұрбақыт Иркенбай (№7 БЖСМ, Шымкент)
Үздік шабуылшы – Бекнұр Тілешев («Ақтөбе»)
Үздік сұрмерген – Глеб Кагадеев («Ертіс», Павлодар)
Үздік ойыншы – Ринат Ақберген («Қайсар», Қызылорда).