Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Отыздамыз. Орда бұзамыз ба?

Отыздамыз. Орда бұзамыз ба?

 

Ертең Қазақстан командалары еурокубоктар жолындағы жорықтарын бастайды. «Ақтөбе» мен «Ордабасы» Еуропа лигасының І іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчты өз алаңдарында өткізетін болса, «Қайрат» Белградта «Црвена Звездамен» кездеседі.
Бұл сапар қалай болады? Отандастарымыз былтыр-
ғы рекордты жаңарта ала ма?
1. Олжасыз ешкім  болған жоқ
Оқырман есіне саламыз, қарапайым есеппен алғанда, еурокубоктардағы әрбір жеңіске 1 ұпайдан, тең ойынға 0,5 ұпайдан жазылады. Әр ел командаларының жинаған ұпайлары олардың нақты санына бөлінеді. Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алған командалар бірден 1 ұпайдың иесі болып танылады. 1/8 финалға шыққан әрбір командаға және 1 ұпай қосылып отырады.
Өткен еуромаусымды Қазақстанның 4 командасы өте жақсы өткізді. Ең бастысы, ешқайсысы І кезең батпағы-на батып қалған жоқ. Еуропа лигасының іріктеуінде «Қайрат» алдымен Албанияның «Кукеси» командасын жолда қалдырып (1:0, 0:0), ІІ кезеңде Данияның «Эсбьерг» командасынан өте алмады – 1:1, 0:1. Дегенмен 4 кездесуде 
1 рет ұтып, 2 рет тең ойнап, 1 рет қана ұтылып, 2 ұпай жинады. Мұны еурокубоктарға қатысқан 4 командамызға бөліп жіберсек, «Қайрат» Қазақстан үлесіне 0,5 ұпай қосқан болып шығады.
«Шахтер» де Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне қосылып, Гюмридің (Армения) «Ширагын» екі рет ұтты – 2:1, 4:0, «Атлантасты» (Эстония) жолда қалдырды – 0:0, 3:0, ІІІ кезеңде «Хайдукті» (Хорватия) өз алаңында 4:2 есебімен ұтса да (4:2), сырт алаңда ойсырай ұтылып қайтты (0:3). Сөйтіп, кеншілер 4,5 ұпайға иелік етіп, Қазақстан үлесін 1,125 ұпаймен толықтырды.
«Астана» 2013/2014 маусымында еурокубоктарға алғаш рет қатысып, соқыр ұпай ала алмаған-ды. Екінші сапарында астаналықтар көз сүйсінтер ойын көрсетіп қана қоймай, ұпайды да тәуір жинады. Әуелі «Пюникті» (Армения) 4:1, 2:0 есептерімен ұтты. ІІ кезеңде Тель-Авивтің «Хапоэль» (Израиль) командасын өз алаңында 3:0 есебімен ұтып, сырт алаңда 0:1 есебімен ғана жеңілді. ІІІ іріктеу кезеңінде жолыққан АИК-пен (Швеция) өз алаңында тең ойнап (1:1), сырт алаңда күтпеген жерден 3:0 есебімен ойсырата жеңіп қайтты. Плей-офф кезеңінде «Астанаға» әйгілі «Вильярреал» (Испания) тап келді, екі ойын да испандардың айқын басымдығымен аяқталды – 0:3, 0:4. Соған қарамастан, «Астана» 4,5 ұпай иеленіп, Қазақстан рейтингін 1,125 ұпаймен еселеді.
Чемпиондар лигасының іріктеуіне қатысқан «Ақтөбе» ІІ кезеңге бірден қатысып, «Динамоны» (Тб, Грузия) екі рет тізерлетті – 3:0, 1:0. ІІІ іріктеу кезеңінде «Стяуамен» (Румыния) өз алаңында 2:2 есебімен тең ойнап, сыртта 1:2 есебімен жеңілді. Бұл кезеңнен Еуропа лигасының іріктеуіне ауысқан «Ақтөбе» Варшаваның «Легиясын» (Польша) айналып өте алмады – 0:1, 0:2. Бұл маусымның қорытындысында «Ақтөбе» 2,5 ұпай жинады, 4 командамызға шаққанда бұл үлес 0,625 ұпай болды. 
Міне, 4 команданың осы ұпайларын қосқанда (0,5+1,125+1,125+0,625) Қазақстан 2014/2015 еуромаусымында 3,375 ұпай жинады. Бұл – еліміздің өзіндік рекорды. Бұған дейін командаларымыз ең көп ұпайды (3,125) содан бір маусым бұрын жинаған болатын. Осының нәтижесінде Қазақстан УЕФА-ға мүше 54 елдің ішінде 32 орынға көтерілді.
2. Словакия мен Венгрияны аттап өттік
Әр жаңа маусымда УЕФА-ның клубтық турнирлер рейтингі жаңарып отырады. Яғни соңғы 5 маусымдағы ұпайлар санатқа алынып, ескірген жылдың ұпайлары есептен шығарылып отырады. Жаңа 2015/2016 маусымының алдында 2010/2011 маусымындағы ұпайлар жойылды. Осының әсерінен Қазақстанның соңғы 5 жылдағы 10,375 ұпайы сәл азайды, яғни 2010/2011 маусымдағы 0,875 ұпай есептен шығарылды. Қазір біздің еншімізде 9,500 ұпай бар. 
Жаңа рейтинг Қазақстанды 2 саты ілгерілетті. Мұның себебі, біздің алдымызда тұрған Венгрия мен Словакия 2010/2011 маусымдағы 2,750 және 
3 ұпайларынан айырылды. Сөйтіп, ертеңгі шайқас алдында Қазақстан УЕФА-ның клубтық турнирлер рейтингінде 30-орында тұр.
Көш басында Испания келе жатыр. Соңғы 2 жылда Пиреней түбегінің өкілдері еурокубоктың екеуін де жеңіп алды. 2010/2011 маусымындағы 18,214 ұпайды алып тастаған күннің өзінде, Испания екінші орындағы Германия-дан 19 ұпай алда келеді. Демек, олардың «тағына» ешкім жуық арада көз аларта алмайды. 
Бірден айтайық, біздің командаларға өткен жылғы биікті ұстап тұру биыл қиындау соғады. Өйткені алғашқы іріктеудегі қарсыластарымыздың осалы жоқ.  Десе де шегінер жер жоқ. «Ақтөбе» мен «Ордабасы» қонақтарын әзірше өз алаңында қабылдай алады. Бірақ алға жылжи түссе, Алматы мен Астанада ойын өткізуі өте мүмкін. 
3. Қорамсақта қанша оқ бар?
Былтырғы еуромаусым Қазақстан мергендерін де олжасыз қалдырған жоқ-ты. «Астананың» шабуылшылары Таңат Нөсербаев пен Бауыржан Жолшиев үш-үштен гол соқты. Қорғаушы Дмитрий Шомко да 2 гол соғып, команданың жеңісіне жақсы үлес қосты. «Шахтерде» ойнаған Ұлан Қонысбаев та былтыр 2 рет еурогол авторы атанды. Олардан бөлек, «қайраттық» Аслан Дарабаев пен «ақтөбелік» Абай Айымбетов те 1 мәртеден өз есімдерін таблода жарқыратты. Осы футболшылардың барлығы да биыл еурокубок додаларына қайта қосылады. Қанжығаларын тағы майлап жатса, өздеріне де, бізге де аз олжа емес. 
Жалпы, қазақстандық футболшылар арасында еурокубоктағы ең мерген футболшы – Самат Сымақов. Әр жылдары еурокубок ойындарында «Қайрат», «Ақтөбе» командаларының намысын қорғаған ардагер 8 голдың авторы атанды. Екінші орында – 7 гол соққан Нұрбол Жұмасқалиев («Тобыл»). 6 голдан соққан Мұрат Тілешев пен Марат Хайруллиннің де көрсет-кіші жақсы. Еурокубоктарда 5 гол соққан Андрей Финонченко биыл «Шахтерді» премьер-лигада қалдыру үшін күреседі. Демек, биыл «Ақтөбеден» – М.Хайруллин (6), С.Хижниченко (4), А.Айымбетов (1), А.Тағыберген (1), «Астанадан» – Ұ.Қонысбаев (4), 
Т.Нөсербаев (3), Б.Жолшиев (3), Д.Шомко (3), Х.Р.Каньяс (3), Ф.Кетевоама (2), А.Бейсебеков (1), Т.Жаңғылышбай (1), «Қайраттан» – Ж.Көкеев (2), А.Дарабаев (1), «Ордабасыдан»  Г.Сүйімбаев (1), С.Малый (1) сынды футболшылар өздерінің еуроголдарын көбейте алады. 
Есей Жеңісұлы.

 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: