Алматыда Қазақстан футбол федерациясы Атқарушы комитетінің отырысы өтті. Жиын қорытындысы бойынша Премьер-Лига клубтарының санын 14-ке дейін ұлғайту, 2016 жылғы чемпионатты өткізу кестесі бекітілді және турнир тәртібіне тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл жайында федерацияның баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен қатар, Атқарушы комитетте балалар мен жасөспірімдер футболына арналған бірқатар сұрақтар талқыланды.
Еліміздегі балалар мен жасөспірімдер футболының қазіргі жағдайы бойынша ҚФФ спорт директоры Қанат Мұсатаев баяндама жасады. Ол футбол орталықтарын құру маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, еліміздің төрт аймағында аймақтық академиялар құру жоспарына тоқталды. Атқарушы комитет мүшелері футбол орталықтарындағы жұмыс бойынша бақылауды күшейтуді тапсырды. Алаңды жалға алу мен ойын жейдесіне назар аударып, жас футболшылардың жаттығу жүргізуіне жағдай жасау керек.
Балалармен жұмыс істеу үшін жаттықтырушыларды дайындау мәселелерін Атқарушы комитеттің мүшесі, ҚФФ Техникалық орталығының директоры Қайрат Адамбеков айтып өтті.
Қазақстан балалар мен жасөспірімдер лигасының атқарушы директоры, қазақ футболының ардагері Болат Есмағамбетов те жиында сөз алды. Ол Қазақстан балалар және жасөспірімдер лигасын құру жоспары мен оны дамыту бойынша баяндама жасады. Бұл жоба Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және жеке мектептертегі көптеген оқушыларды қамтымақ. Аймақтарда, облыстарда, ауылдарда жарыс өткізуге ерекше назар аударылмақ. Атқарушы комитеттің мүшелері бұл лиганың құрылуын толықтай қолдады және оның бұқаралық футболды дамытудағы маңыздылығын атап өтті.