ҚР Спорт күні кәсіби мерекесіне орай Қызылорда қаласында салауатты өмір салтын насихаттау, әрі облысымызда велоспорттың кеңінен өркен жайылуына үлес қосу мақсатында 500-ге жуық спортшының қатысуымен бұқаралық велошеру өтті.
Велошеру таңғы 9.00-де Тасбөгет кентінен басталып, Жібек жолы көшесімен Абай даңғылы арқылы өтіп, орталық алаңда аяқталды. Сол уақытта орталық алаңда 870 адамның қатысуымен гимнастикалық жаттығулар да ұйымдастырылды.
Спорттық шараның мақсаты – Елбасының Жолдауын насихаттау, жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу, бұқара арасында спортты дамыту, жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу болды.
Орталық алаңда Спорт күні мерекесімен сала мамандарын облыс әкімінің алғыс хатымен облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы құттықтап, биылғы жылы Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында жаңадан спорт кешені мен стадионның, Қазалы, Жаңақорған аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің пайдалануға берілгендігін, қыркүйек айында Қызылорда қаласында бокс орталығы мен ипподром салынса, қала орталығында Илья Ильин атындағы ауыр атлетикадан спорт кешені және 3 мың орындық жабық футбол манежі құрылысының басталатынын айтты.
Аталмыш шарада «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Наурызбай Байқадамов пен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов сала мамандарын мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар, спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер марапатталды. Олардың ішінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Абылай Жалдыбаев, «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Арал аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Пазылбек Берсүгіров пен Сырдария аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Ерташовтар марапатталады. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.