Қазалыда жаңадан ашылған спорт кешені қажетті құрылғылардың барлығымен жабдықталған. Мұнда бір мезгілде 150-ден аса адамның жаттығуына мүмкіндік бар.
Кешен Әйтеке би кентіндегі 5 орам аймағында орналасқан. Қазалы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлауынша, кешеннің ашылу салтанатына облыстық мәслихат хатшысы Ақмарал Әлназарова, облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев, аудан әкімі Нәжмадин Шамұратов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов және облыстық, аудандық мәслихат депутаттары қатысты.
Ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Р.Кенжеханұлы Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатының басты бағыттарының бірі - жастардың спортпен айналысуына барынша жағдай жасау екендігін, сондай-ақ, бүгінгі ашылып отырған сауықтыру кешенінен тәрбиеленетін спортшылардың ел абыройын асқақтататына сенім білдіретіндігін жеткізді.
Сонымен қатар, салтанатты жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Бекбанов жиналғандарды кешеннің ашылуымен құттықтап, денсаулық кепілі - спортпен айналысуға шақырды.
Ашылу рәсімінен соң қонақтар соңғы үлгідегі спорт жабдықтарымен қамтылған кешенді көрді.