Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Қармақшылық қария Гиннесттің рекордтар кітабына енді

Қармақшылық қария Гиннесттің рекордтар кітабына ендіСерік Қожанұлы Құлмырзаев - жақында БҰҰ және ЮНЕСКО жанындағы адам құқығы халықаралық Федерациясы мен ғылыми институттары Еуропалық ассоциациясының және халықаралық аттестациялық Кеңесінің ағымдағы жылдың 23 шілдесіндегі №156 бұйрығымен дүниежүзі бойынша гір спортының дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін халықаралық "Қанатты арыстан" орденімен марапатталды. Сонымен қатар, гір тасын көтеру спортының шебері атағына ие болды.  
Осыған дейін, 2014 жылы тамыздың 13 мен 16-сы күндері Беларусь мемлекетінің Витебск қаласында гір тасын көтеруден екінші Дүниежүзілік Олимпиада, Беларусь мемлекетінің тәуелсіздік күніне арналған халықаралық турнир және ардагерлер арасында гір көтеруден әлем чемпионаты қатар өтті.   Дүбірлі додаға Қазақстан атынан сегіз спортшы қатысты. Солардың бірі-  жерлесіміз  63 жастағы ардагер спортшы Құлмырзаев Серік Қожанұлы. Ол 16 келілік гір тасын 2 минутта жұлқа 78 рет, серпе  94 рет көтерді. Сондай-ақ,  16 келілік гір тасын 3 минутта жұлқа 75 рет көтеріп ардагер спортшы қарсыластарын артта қалдырды. Басты жаңалық, Қазақстан атынан шыққан спортшы топтық нормативтік жаттығуларда үздік нәтиже көрсеткені үшін Гиннес Кітабының рекордсмені атанды. «310 спартандықтар» жобасы бойынша Гиннес кітабына ену үшін 400-дей спортшы жарты сағат бойы гір  жаттығуларын жасаған. Осылайша жаппай жаттығу орындау барысында қармақшылық спортшының есімі Гиннестің рекордтар кітабына жазылды. Жаңа рекорд жасауға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Латвия және Литваның спортшылары үміткер болды. Жалпы бұл сайыстарға  34 мемлекеттен 400 ге жуық спортшы қатысқан. Ең жасы- 4 жасар ресейлік балғын болса, Латвиядан 90 жастағы қария өз өнерлерін ортаға салды. Спортшылардың барлығы дерлік гір тасын жұлқа және серпе көтеруден сайысты. Серік Құлмырзаев 60-64 жас аралығындағы ардагерлер арасында 90 келіге дейінгі салмақта бақ сынады. Мемлекеттік қызметші 2014 жылы 8 тамызда зейнеткерлікке шыққан бойда жарысқа аттанып,олжалы оралды. Бір қызығы, сала ардагері спорт залда емес көкалда, табиғат аясында шынығады. Жас кезінен еркін күрес, самбо, дзюдомен айналысқан Серік Құлмырзаев спорт шеберіне кандидат. Атасы секілді спортпен шұғылданатын немерелері бар. Олар да республикалық, облыстық жарыстарда жүлделі орын алып жүр.
Айта кетейік, 2013 жылы С.Құлмырзаев  төрт дүркін Әлем біріншілігінің, Еуропа, Азия, Евразия, Белорусь және Ресей чемпионаттарының, Ф.Ушаков пен М.Ломоносов атындағы халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанып 11 алтын медальдың иегері болды. 
                                                   














Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: