Жарақат алуына байланысты жуырда ғана өткен «Төрт құрлықтың біріншілігіне» қатысудан бас тартқан Қазақстанның әйгілі мәнерлеп сырғанаушысы Денис Тен БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында алдағы әлем чемпионатында өз жанкүйерлерін қуанту үшін барынша күш салатынын мәлімдеді.
Мәнерлеп сырғанаудан әлемдік дода 1896 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алғашқы 10 жарыс тек ерлердің арасында өтсе, 1906 жылдан бастап әйелдер де өз өнерлерін ортаға сала бастады. Кейіннен жарыс бағдарламасына жұптық сайыс (1908 жылдан бері) пен спорттық бишілердің бәсекесі (1952 жылдан бері) қосылды.
Ерлер арасында бас жүлдені ең көп олжалаған спортшы – Ульрих Сальхов. Данияда туып-өсіп, кейіннен Швецияның азаматтығын алған сақа спортшы ХХ ғасырдың басында 10 мәрте әлем чемпионы атанды. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары австриялық Карл Шефер және елуінші жылдары америкалық Дэвис Джекинс 7 реттен теңдессіз деп танылды. Ал бертінгі көрсеткіштерге көз жүгіртетін болсақ, ресейлік Алексей Ягудин (1998, 1999, 2000, 2002) мен Евгений Плющенко (2001, 2003, 2004) және канадалық Патрик Чанның (2011, 2012, 2013) өзгелерден шоқтығы әлдеқайда биік болғанын байқаймыз. Алғашқысы 4 мәрте алтын тұғырға көтерілсе, одан кейінгі екеуі 3 реттен сондай құрметке бөленді.
Әйелдердің сайысында Соня Хенимен үзеңгі қағыстыра алатын ешкім табылар емес. 1927-1936 жылдар аралығында норвегиялық ару әлем чемпионаттарында 10 мәрте алтыннан алқа тағынды. Сондай-ақ оның Олимпиада ойындарының үш дүркін жеңімпазы деген дардай атағы бар. Бір ғажабы, арада талай жылдар өтсе де, жер жаһанда бұл рекордтарды жаңартатын адам осы күнге дейін табылған жоқ. Кейінгі кездердегі қомақты табыстар қатарына америкалық Мишель Кванның 5 рет (1996, 1998, 2000, 2001, 2003), германиялық Катарина Виттің 4 рет (1984, 1985, 1987, 1988) және жапониялық Мао Асаданың 3 реттен (2008, 2010, 2014) дүниежүзілік додаларда дара шыққанын жатқызуға болады.
Жұптық сайыста КСРО мәнерлеп сырғанау мектебінің түлегі Ирина Роднинаның алдына түсетін ешкім жоқ. 1969-1978 жылдар аралығында ол 10 рет чемпионды атаққа қол жеткізіп, төрткүл дүниені таңдандырды. Ирина алғашқы бес жылда Алексей Улановпен, кейінгі бес жылда Александр Зайцевпен бірге жұптасып өнер көрсетті. Ал спорттық бидегі теңдессіз табыс Кеңес Одағының спортшылары – Людмила Пахомова мен Александр Горшковқа тиесілі. 1970-1976 жылдар аралығында бұл жұп бас жүлдені 6 мәрте иеленді. Міне, қысқаша баяндасақ әлем чемпионаттарындағы ең үздік көрсеткіштерге осы спортшылар қол жеткізді.
Соңғы әлемдік дода былтырғы жылдың наурыз айының аяғында Қытайдың Шанхай қаласында өтті. Бұл жарыста ерлер арасында испаниялық Хавьер Эрнандес озса, әйелдер додасында ресейлік Елизавета Тоқтамышева дара шықты. Жұптық сайыста канадалық Мэган Дюамель мен Эрик Рэдфорд жеңіске жетсе, бишілердің бәсекесінде франциялық Габриэла Пападакис пен Гийом Сизерон бас жүлдені олжалады.
Қазақстанның мәнерлеп сырғанаушылары әлем чемпионатында екі рет жеңіс тұғырына көтерілді. Сол жүлденің екеуі де Денис Тенге тиесілі. Алматыда туып-өсіп, бұл күндері Лос-Анджелесте атақты бапкер Фрэнк Кэроллдың қол астында жаттығып жүрген отандасымыз 2013 жылы Канадада күміс алса, 2015 жылы Қытайда қола медальді қанжығасына байлады. Денистің ендігі арманы – үстіміздегі жылдың 28 наурыз бен 3 сәуір аралығында АҚШ-тың Бостон қаласында өтетін әлем чемпионатында айды аспанға шығарып, алтын тұғырдан қол бұлғау.+
Сондай-ақ биыл жасөспірімдер олимпиадасында қола алған Элизабет Тұрсынбаева да Бостондағы біріншілікке барады.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН, «Айқын» газеті.