ЭЛИЗАБЕТ ТҰРСЫНБАЕВА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА БАҚ СЫНАДЫ (ВИДЕО)
Қазақстандық 16 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева АҚШ-тың Бостон қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында қысқа бағдарлама бойынша 12 орын алды. Бұл жайында Seykhuninfo.kz ақпарат агенттігі мәлім етті.
Сыр өңірінің атынан қатысып жүрген мәнерлеп сырғанаушының еншісінде 61,63 ұпай бар. Айта кетерлігі, мұндай жарысқа ол тұңғыш мәрте қатысып отыр.
Алғашқы орынға АҚШ спортшысы Грейси Голд (76,43), екінші орында ресейлік Анна Погорилая (73,98), үшінші орында оның отандасы Евгения Медведева (73,76) тұр.
Еркін бағдарлама бойынша жарыс 3 сәуірде болады. Бұл жарыс KazSport телеарнасында Астана уақытымен таңғы 4.50-де көрсетіледі.
Естеріңізге сала кетелік, қысқа бағдарлама бойынша тағы бір қазақстандық спортшы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен де 12 орын алған еді.
Өкінішке орай, еркін бағдарлама бойынша жұптасып ойын көрсетуде Дарын Жүнісов пен Анастасия Хромова ең соңғы орынды місе тұтты.