Қызылордада мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан чемпионаты басталды
Бүгін, 20 желтоқсанда Қызылордада мәнерлеп сырғанаудан ел біріншілігі басталды. Чемпионатқа Астана, Алматы қалалары мен Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарынан 6 команда, 60-қа жуық спортшы қысқа және еркін бағдарламалар бойынша өнер көрсетеді. Біріншіліктің ашылу салтанатына облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысты.
– Мәнерлеп сырғанаудан ел біріншілігі Сыр өңірінде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Мұндай жарыстар жастарды қысқы спортқа деген қызығушылығын арттырса, спортшылардың шеберлігін шыңдауға мол мүмкіндік, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Жарысқа 22 жасқа дейінгі спортшылар бақ сынауда. Айта кетейік, чемпионатта екі мәрте Олимпиада ойындарының қатысушысы Абзал Рақымғалиев пен Бүкіләлемдік Гран-при додаларының күміс және қола жүлдегері, халықаралық турнирлердің чемпионы Элизабет Тұрсынбаевалар өнер көрсетті.
Жарысқа халықаралық дәрежедегі төреші Юрий Гуськов, ресейлік Алексей Губанов секілді білікті мамандар қазылық етуде. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ертең, 21 желтоқсанда белгілі болады.