Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Жұмбағы көп қышқала

Нұрхан Күдербаеваға 9-10 сыныпта тарих пәнінен дәріс берген ҚазМУ-дың түлегі Са­қып­жамал Бекмағанбетова да шәкіртіне тарихтың таң­ға­­жайып ғылым екенін түсін­діреді. Бұл оқушы қыздың болашақта тарих пәнінің мұғалімі болуы­на ықпал етеді.
Сөйтіп, ол онжылдық мектепті бітіргеннен кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түседі. Бірінші курста-ақ Қышқала жайы алдынан шықты. Институт оқытушысы Тәңірберген Мәмиев Нұрханның Қоға­лыкөлден екенін білгеннен соң «Ауы­лыңда Қышқала атты тарихи орын бар, сен оны білесің бе?» – деп сұрайды. Студент қыз сондай төбенің бар екенін білетінін, бірақ тарихына жетік емес екенін айтады. Н.Күдербаева оқитын топ бірінші курсты бітірген бойда оқытушы-ғалым Т.Мәмиев бастап Қышқаланы қазуға келеді. Студенттер экспедиция­­сы тапқан қыш сынықтары мен оның бояуларын зерттегенде, бұл бұйымдар Түркістандағы Яссауи кесенесінің құ­рылыс материалдарына сәйкес келеді. Екеуіне де ортақ қасиет – беріктігі, суға мүжілмейтіні, жақсы сақталатыны.
1994 жылдан осы уақытқа дейін Қоғалыкөлдегі №44 орта мектепте тарих пәнінен дәріс беретін Нұрхан Күдербаеваның айтуынша, тарихшы-ғалым Т.Мәмиев бастаған студенттер экспедициясы Қышқаланы өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында бірнеше жыл зерттеп, Сыр бойындағы Баршынкент қаласының құрамына кіргізген. Халықаралық Қорқыттану ғылыми орталығының археологы Тәңірберген Мәмиевтің қорытындысы бойынша Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қышқала Х-ХІІ ғасырда өмір сүрген Моңғол шапқыншылығынан қираған деген болжам жасалған. Қазақтың белгілі ғалымы Әлкей Марғұлан Баршынкент атауын халық жыры «Алпамыстағы» кейіпкер Баршын қызбен байланыстырады. Ғалым Т.Мәмиев «Қышқаланы» зерттеп, оның Баршынкент аталуын Сырдың төменгі жағалауындағы қалалардың тарихын жинақтаған Л.Каллаур, В.В.Бар­тольд еңбектеріне сүйенген.
Алматылық археолог Мадияр Елеуов Қышқаланы 2018-2019 жылдары зерттеп, осы аймақты өзінің алдында зерттеген ғалымдардың еңбегін жетілдіре түскен. Сөйтіп, Қышқала археологиялық картаға енгізілген.
Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, Қышқалада Х-ХІІ ғасырларда ақша сарай жұмыс істеген. Бұл Қышқала тарихи орнын білікті педагог, жоғарғы санатты тарихшы Нұрхан Күдербаева шәкірттермен бірге зерттеу жүргізіп, көптеген ғылыми конференцияларға қатысты. Жұмбаққала – Қышқала сырын ашу мақсатында ғылыми жобамен айналысқан Н.Жетпісбайқызының шәкірті Ақмарал Мәлікайдарова 2010 жылы облыстық сайыста жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, Нұрилаш Зиябілова 5-сынып оқып жүргенде Көкшетауда өткен республикалық ғылыми жобада екінші орынға ие болды.
Жақында ұлағатты ұстаз Нұрхан Күдербаева мектептің жас педагогы Тұрар Жағыпаровпен бірге аудандық жастар ресурстар орталығы және «Алғыр ой» коммерциялық емес жеке қордың ұйымдастыруымен тарихи орындарды насихаттау аудандық байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Сыйлыққа түрлі-түсті теледидар берілді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: