Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Қожықовтар қолтаңбасы

Өткен ғасырдың басында қазақ мәдениеті мен әдебиетіне, ғылымына өлшеусіз үлес қосқан, сол үшін ұлтшылдық қамытын киіп, тар қапаста тағдыры шешілген арыстардың арасында  Сырдың асыл азаматтарының да көп болғанын тарих дәлелдейді. Өз заманында елім деген ерлердің қай-қайсысының да талайлы тағдырға кезіккені, дәуірінен озық туған оғландардың жалған жаладан жауырыны жерге тигені аз емес. 
Өмірдің әрбір тетігіне кірпіш болып қаланып, өнер әлемінің биік шыңын бағындырған, сол өнер өлкесінде өзіндік қолтаңбалары қалған Қожықовтар әулеті қазақ тарихында таңбалы орны бар жандар. «Өнер» дейтін киелі де, ғажайып дүниенің тізгінін ұстап, содан қасиетті тұмар таққан Қожықовтардың мәдениет майданындағы іздерінің асыл екенін білеміз. 
Жиырмасыншы ғасырдың басында Сыр елінде қазаққа аты мәшһүр болған болыс  Мұңайтпас Лапин еуропалық үлгіде мектеп ашып, оған үлкен оқуды бітірген зиялы жігіт Қоңырқожа Қожықов мұғалім болып барады. Болыстың Күләндам және Ләтипа атты қыздары да мектепке оқуға барады. Осы кезден бастап екі әулеттің, екі жастың тағдырлары тоғысады. Бір-біріне ғашық болған екі жас Қоңырқожа мен Ләтипа ескі салт-санаға қарамай қол ұстасып қашып кетіп, Перовскіге тұрақтайды. Қоңырқожа жары Ләтипаның ағасы қазақтан шыққан тұңғыш заңгер Серәлі Лапинді пана тұта жүріп, онымен айнымас дос болады. 
Петербордағы университеттің заң факультетін бітірген Серәлі, Самарқан өлкесінде заңгерлік кеңсе ашып, тарихи ескерткіштерде жазылған сөздерді тәржімалаумен айналысқан. Әрі дос, әрі туыс Серәлі мен Қоңырқожа тізе қосып жұмыс жасайды. Екеуі бірігіп шығыс қолжазбалары мен сирек кездесетін кітаптарды қазақ тілінде сөйлетеді. 1905 жылы теміржолшылармен бірге ереуілге шыққаны үшін Қоңырқожа қамауға алынып, одан босаған соң, Түркістан өлкесін паналайды. Дүниеге бірінен соң бірі Қожахмет, Құлахмет, Нұрахмет, Сұлтанахмет атты ұлдар келеді. 
Қазақтың қаймағын сыпырып, талай зиялы отбасының шаңырағын шайқап, бас көтерер жайсаңдарымыздың тағдырын бір ғана үкіммен шешіп, талай тарланды тәрк еткен отыз жетінші жылдың ойраны бұл әулетті де шарпиды. 1938 жылы Қоңырқожа тұтқындалып, түрмеде 58 жасында өмірден өтеді. 
Жары Ләтипа Қожықова жанына түскен жарадан жазыла алмаса да, тағдырдың қатал соққысына тізе бүкпей, балаларына білім алып беріп, тұлға дәрежесіне жеткізіп, өз шығармашылығын да дамытып кетеді. Оның шығармашылығынан қолданбалы өнердің, әсіресе, қазақтың киіз үйін безендіру айрықша орын алады. Ләтипа Қожықованың қолынан шыққан киіз үй мен ер адамдардың киімдері 1945 жылы үкіметіміздің бағалы сыйлығы ретінде американдық делегацияға беріліп, күні бүгінге дейін Вашингтондағы Т.Рузвельтттің мемориалдық музейінде сақтаулы. Өмірлік қосағынан тірідей айырылған ол барлық өмірін балаларына арнайды. Өзінің тума таланты мен өнерге деген сүйіспеншілігін өз бауырынан өрген төрт ұлына да бере білген. Міне, осындай ана өнерінің игі ықпалында жүріп өскен ағайынды Қожықовтар өнер әлемінде қадау-қадау дүниелер туғызды. 
Қожықовтардың үлкені Қожахметтің есімі Қазақстандағы кәсіби бейнелеу өнерінің қалыптасуымен байланысты. СССР Суретшілер одағының мүшесі,  Қазақстандағы тұңғыш суретші-график, карикатура және плакат жанрының негізін салушы. Қазақстанның орталық музейінде, ұлттық мәдениет институтында бас суретші болып қызмет атқарып жүрген Қожахмет те 1938 жылы тұтқындалып, денсаулығына байланысты 1944 жылы абақтыдан босаған. Ол 43 жасында айықпас дерттен дүние салады.
Ленинград драма театрындағы сахна өнері саңлақтарының  студияларында әзірліктен өткен Құлахмет Қожықов халық мәдениетін дамытуға риясыз үлес қосқан өнер иесі. Шәкен Аймановпен бірге ұлттық кино өнерінің көптеген классикалық шығармаларының жарық көруіне атсалысқан. 1958 жылы «Қазақтардың ұлттық өнері» атты ғылыми-зерттеу фильмін түсірген. 1978 жылы ол Қазақстанда республикалық музейдің негізін қалаған. Қазақтың кино және театр өнерінің бірінші суретшісі ретінде танылған, ол қазақ киносының алтын қорына енген ондаған фильмнің қоюшы- суретшісі.
Науқас болса да өнерді тастамаған Нұрахмет Қожықов Оңтүстік Қазақстандағы көптеген скульптуралық жұмыстарды өмірге әкеліп, артына өшпес мұра қалдырған мүсінші. 
Қожықовтардың ең кішісі Сұлтанахмет көрнекті қазақ режиссері, Қазақ ССР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, киномотографистер одағының хатшысы және көркемдік жетекшісі, бірнеше мемлекеттік наградалардың иесі. Қазақ киносы туралы әңгіме қозғалса, алдымен ауызға Қожықов есімі ілігеді. Шығармашылық қызметін 1958 жылдан бастаған ол қазақ өнеріне қырық жылға жуық өмірін берді. Ол өзінің биік талғамының, зор дарыны мен қабілетінің арқасында асқақ адамгершілікті паш ететін, шынайы махаббаттың үлгісін көрсететін аса құнды дүниелерді өмірге әкелді. Александр Довженко сынды даңқты режиссердің шеберханасында тәжірибиеден өте жүріп, ВГИК-ті бітіреді. Оның талантынан туған «Наша лето», «Девушка-джигит», «Ана мен бала», «Біз Жетісуданбыз», «Жартастағы шынар», «Бізді танып қойыңдар» деп аталатын кесек туындылары қазақ киносының алтын қорынан орын алатын, қазақты әлемге паш ететін ғажайып дүниелер. 
Мәңгілік махаббатты жыр еткен, қазақы салт-сананың иісі аңқыған, елдік пен ерлікті ту еткен, қазақ кино өнерінің бірегей туындысы – «Қыз Жібекті» қойған режиссер. Отыз жылдан бері сахнадан түспей келе жатқан бұл шығарманың әрбір көрсетілімін қалың жұртшылық ыстық ықыласпен сағына күтеді. Біздің ұлттық киномызда ғажайып оқиғаға толы болып қалатын ленталарды түсірген, өнер аспанында қарлығаш боп қалықтаған, сұлулық әлеміне жетелейтін құнды дүниелер туғызған, табиғатынан талант қонған дарын иесі Сұлтанахмет Қожықовтың туғанына биылғы жылы 90 жыл толып отыр. Бүкіл ғұмырын қазақ өнеріне арнаған, есімі әлемге әйгілі болған талантты ұлдарын Сыр топырағы ешқашан ұмытпақ емес. Халқына өміршеңдігімен мағыналы да құнды туындылар сыйлаған Қожықовтар әулетінің біздің Сыр өңірінде тамыр жайып, қанаттанғанын, Cыр топырағынан нәр алғанын әрдайым мақтан етеміз.

Бақыт ТОҚТАМҰРАТҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыздар:
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: