1900 жылдардан кейін Перовск жұмысшылары көбінесе ақшасы аз төленетін, ешқандай біліктілікті қажет етпейтін ауыр қара жұмыстарға жалданды.
Ф.Шербина экспедициясының мәліметтерінде 1901 жылы Перовск қаласынан қазақ халқынан шыққан табыс іздеп келушілер арасында 3033 қара жұмысшы болған деген дерек бар. Олардың көпшілігі темір жолды жөндеу, және вагондарға жүк тиеу жұмыстарын атқарған. Ол жұмыстар жылдың әр түрлі уақытында және әдетте ұзақ мерзімде жүргізілген. Жұмысшылардың басым бөлігі Орынбор-Ташкент темір жолының жөндеу жұмыстарына жалданған.
Теміржол қалаға революциялық идеяларды да алып келді. Бірінші орыс революциясының әсерінен жергілікті халық арасында отарлау саясатын қарсы толқулар басталды. Ереулідер өтіп, жұмысшылар экономикалық ғана емес, саяси талаптарды да ұсынды. 1907 жылғы қараша айының бас кезінде Перовск ереуіл комитеті пайда болды. Ереуілшілер бір ай бойы теміжол желісіне, азық-түлік, телеграфқа иелік етті. Перовск ереуіл комитеті қаланың өзінен бөлек Түркістан мен Көбек станцияларындағы көтерілістерде басшылық жасады.
Революция жеңіліске ұшыраған соң патша үкіметі ереуліге қатысқан адамдарды сотсыз, тергеусіз жазалауды бастады. Перовск станциясы саяси сенімсіздігі үшін жер аударылғандардың тұрағына айналды. Сол уақыттары қаланы Н.Шумилов, А.Червяков, Н.Селиверстов, Н.Виторский сияқты бір топ саяси қуғындар паналады.