Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Қорқыт – Мәңгілік өмір…

Қорқыт – Мәңгілік өмір… «Қорқыттың көрі» спектаклі басталғанда-ақ бір нәрсенің «дұрыс емес» екенін сезе бастадық. «Бұл- есте жоқ ескі заманның оқиғасы емес, көшесінде көлігі зулаған қалада, шыны ғимараттардың төбесінен түсірілген бүгінгі күннің киносы басталып кеткен жоқ па?»- деп демімізді ішке тарта қойдық. Литвалық режиссер Йонас Вайткус қатып қалған қағиданы «сындырған» соң ақырына дейін сындырайын деген бе, бұл аз болса, сахнадағы заманауи экраннан Қорқыт емес, аурухананың ақ төсегінде жаны қиналып жатса да, ақ қағазын аударыстырып жырын оқитын драматург Иран-Ғайып көрінгенде, бұл қойылымның біздің түсінігіміздегі шаблонға қуатты түрде шабуыл жасайтынын ұқтық. Мұның бәрі режиссердің  көрерменді психологиялық тұрғыдан дайындап алуға жасаған кіріспесі сияқты, қазір Қорқыт баба қолына ұялы телефон ұстап шықса да, қорықпай қабылдауға бел буыңдар деген белгі.
«Қорқыттың көрі» – поэтикалық аңыз-дастан. Оқиға – Расул (Мұхамед) Пайғамбар заманына жақын тұста   (ҮІІ-ҮІІІ ғасырда)    Баят (Сырдария өзені) бойында өтеді. Әуел бастан анасының құрсағында басқа тіршілік иесі сияқты тоғыз ай, тоғыз күн емес, үш жыл жатқан  Қорқыттың өмірге келуі де қызық:  ол туған аспанда Ай менен Күн шағылысып, қара жерді су алып, топырақ базданып, төңіректі бу басқан. Табиғаттың дүлей мінезінен қорыққан ел оған Қорқыт деп ат қойған. Қойылымдағы тағы бір жаңалық: біз күткендегідей бір қолына аса таяғын, бір қолына қобызын ұстаған, күңіреніп-күйінген, бұл дүниеден опа таппай түңілген ақ сақалды абыз Қорқыт мұнда жоқ. Режиссер түсінікті тағы да тас-талқан еткен – Жаратушының өзімен жағаласқан, бойында қайраты тасыған жас Қорқыт – Дулыға Ақмолда көрінді. Ажал-Жаналғыш оған 40 жас қана өмір сүретінін әлдеқашан үкім етіп қойған. Мұндағы Қорқыт – астам, тәккәппар, жер мен көктің иесі бір өзі сияқты әбден масаттанған. Кәрінен жер қозғалғанда Жартас құлап түседі. Астамсыған, өзін-өзі Құдай санаған  Қорқыт Жартастың да, Жартас басындағы Шырғай-Ағаштың да «райыңнан қайт, Тәңірге тіл тигізбе» дегеніне құлақ аса қоймайды. Түбінен майырмақ болып, балтасын сілтегенде Шырғай-Ағаштан таңғажайып үн шығады.Таңғажайып Үн балта сілтенген сайын ызыңдап – Қобыз-Сарынға ұласады. Күңіреніскен Күллі Дүние Шырғай-Ағаштан шыққан Таңғажайып Үнге елтіп іштен тынып, «тілсіз» қалады. Қара қобыз дүниеге осылай келіпті. Қобыздан төгілген әуенге аспандағы аққу да, тыраулай ұшқан тырна да елітеді. Ақ сәукеле басында, қырық қызы қасында, Сарын атты сұлудың Сыр бойына Қорқытты іздеп келе жатқан хабарын да көктегі құстар жеткізеді. Алыстағы қобыздың күйіне еліткен Сарын да, қасындағы құрбылары да Қорқытты көрмей тұрып ессіз ғашық болады. Ғашықтық сахнасы да, қырық қыздың Арқадан Сырға бет алғаны да, аққу мен тырнаның Қорқытпен қабысуы да пластика арқылы  шешімін тапқан. Бұл тұста балетмейстер Гузель Мұхаметжанованың еңбектенгені көрінеді. Ажал-Жаналғыш бейнесіндегі Шынар Жанысбекованың «әзірейілдігі» де әбден таптаурын болған ұғымнан көрерменді алысқа алып кетті. Шынардың Жаналғышы кәрін тігіп қаһарға басатын құбыжық кейіпте емес, жуас әрі салмақты, Қорқыттың қытығына тиетіндей-ақ сабырға ие. Ажалдың торына асықпай жүріп түсіруге әрекеттенеді. «Қорқыт үшін жан беруге даярсың ба» деген сұраққа әкесі Қарақожа-Оғыз да, анасы Қамқа да, досы Рәпіл де, көңіл хошы-көңілдесі Нике де басын ала қашып, өз жанын күйттеп жалынғаны, Қорқыттың қорғансыз қалғаны нәпсісіне жаққанын жасыра алмай масайрайды. Спектакльде отызға тарта актер ойнайды. Олардың киімі де, сахна декорациясы да өте бай. Сахнада  проектормен  берілетін галографиялық элементтер, яғни «спецэффект» жетекші рольге ие. Суретші Артурас Шимонистің жұмысына берілетін баға зор. Қорқытты мәңгілік өмір кемесіне мінгізіп алып кеткені, жер бетінде мыңдаған ұрпақ ауысса да оның өлмейтінін меңзейтіндей.
А.Халықова.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: