Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Ескерткіштер – тарих куәсі

Ескерткіштер – ел тарихының аса маңызды айғағы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Тарихи-мәдени мұраны қорғау мәселелеріне қоғамның назарын аудару мақсатында бұл күнді 1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы Ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Халықаралық кеңес Ассамблеясы белгілеген. 1984 жылдан бастап жыл сайын 18 сәуір күні атап өтіледі.
Бүгінгі күні облыс бойынша 554 тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде: 30-ы республикалық, 256-сы жергілікті маңызы бар, 268-і тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне алынған.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында 2019 жылдың аяғында жарық көрген «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиялық жинағының ІІІ томына облыс бойынша жалпыұлттық 12, өңірлік 60 қасиетті нысандар, 16 көрікті орын, барлығы 88 нысан енгізілді.
Мемлекет қорғауындағы ескерткіштердің әрқайсысына қолданыстағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және одан туындайтын Қағидалары шеңберінде қорғау шараларымен қатар, археологиялық зерттеу, қайта қалпына келтіру және тағы басқа кешенді жұмыстар ұдайы жүргізіліп келеді.
Жанкент, Сығанақ, Сортөбе, Бәбіш мола, Қышқала қалашықтарына тұрақты түрде қазба жұмыстары жүргізілуде, осы ескерткіштермен қоса биылғы 2020 жылы Алтын Орданың 750 жылдығы аясында Асанас қалашығына да қазба салынатын болады.
Қазба нәтижесінде 500-ге жуық заттай материалдар табылып, қазіргі таңда ғылыми өңделуде. (құмыралар, әшекейлер, қыш жапсырмалар, сүйектен және керамикадан жасалған тұрмыстық бұйымдардың бөліктері)
Сонымен қатар, өткен жылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ, РФ Н.Миклухо-Маклай атындағы антропология институты, Германияның Тюбинген университеті арасындағы 3 жақты меморандум аясында Жанкент қалашығында және ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық Орта Азиялық зерттеулер институты (МИЦАИ) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министірлігінің гранты негізінде Сығанақ қалашығында және Еуразияны зерттеу қорының (Швейцария) қаржылай қолдауымен Қазалы ауданындағы Кескен күйік қалашығында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.
Бүгінгі күнге дейін 53 ескерткіштің қорғау аймақтары белгіленді, оның ішінде Қорқыт ата ескерткіш кешені, Сығанақ, Жанкент қалашықтары толығымен қоршалды. Сондай-ақ, «SYGANAK», «JANKENT» стелалары бой көтерді.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан Сығанақ, Жанкент қалашықтарында консервациялық жұмыстары жүргізілсе, биыл бұл жұмыстар қосымша Алтынасар қалашығына да жүргізіледі.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында тарих және мәдениет ескерткіштерін сандық форматқа көшіру мақсатында Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3 D форматтағы интерактивті картасы (virtualmap.xyz) қолданысқа енгізілсе, интернет қолдану мүмкінідігі бар жерлерде орналасқан ескерткіштерге QR-коды бар тақтайшалар орнатылды.
Бұл облыс әкімдігінің қолдауымен тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау және пайдалану бағытында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалар болып табылады. Ескерткіштер қашанда ұлттық тари¬хымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері, өткеніміз бен болашағымызды саралауға мүмкіндік беретін маңызды құрал болып табылады. Алдағы уақытта сала бойынша атқарылатын шаралардың маңызы бұдан да ауқымды болады деп санаймын. Ескерткіш мұралары - көне тарихтың куәсі. Олай болса, оларды қорғау әрбір азаматтың парызы, сонымен қатар қамқорлығы болмақ.

Сәбит Амангелдиев,
Қызылорда облыстық тарихи және
мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: