Орыс қызымен бас қосқан қазақ балуаны үйлену тойын дүркіретіп өткізді (видео)
Күрестен әлемнің күміс жүлдегері әрі Азия чемпионы Нұрқожа Қайпанов дүркіретіп тойын өткізді. Ол спортшы Марина Седневамен шаңырақ көтерді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қуанышты хабарды грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясы Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жария етті. "Құрметті Нұрқожа мен Марина, жаңа өмірге қос аққудай қол ұстасып бірге аттаған қадамдарың құтты болсын! "Жақсы әйел – жігітке біткен бақ, жақсы жар, жайлы қоныс – алтын тақ" дейді. Шаңырақтарың биік, босағаларың берік болсын!", - делінген құттықтау мәтінінде.
Айта кетейік, Нұрқожа Аралбекұлы Қайпанов 1998 жылы 21 маусымда Ақтөбе облысында дүниеге келген. Еркін стильдегі қазақстандық балуан. Солтүстік Қазақстанның намысын қорғайды.
Ол 2018 жылы жасөспірімдер арасында Азия чемпионатында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлде иегері атанды.
2019 жылы 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы болды. Ал әлем чемпионатының ақтық сынында ресейлік балуан Давид Баевқа есе жіберді.
Ал Марина Седнева - күрес түрлері бойынша 2019 жылы өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Седнева қола жүлдеге талас үшін Канада өкілі Карла Гонсалеспен кездесті. Отандасымыз кездесуді 7:0 есебімен аяқтады.