Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және Астана күні мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласындағы «Нұрсәт» теннис орталығының жанынан Жазғы теннис корты пайдалануға берілді. Нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, спортшылар қауымына игі лебізін білдірді және аймақтағы бұқаралық спортты дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
- Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен спорттың бұқаралық сипат алуына ерекше көңіл бөлініп, бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны артуда. Қазіргі таңда облыста бұқаралық спортпен шұғылданатын тұрғындар үлесі 31,3 % құрады. Халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыру мақсатында «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында осы жылы облыс бойынша 5 спорт кешенінің, атап айтқанда Арал ауданы Қамыстыбас және Аманөткел ауылдары, Қазалы ауданы Пірімов ауылы, Қармақшы ауданы Жосалы және Жалағаш ауданы Жалағаш кенттерінде құрылысы жүргізілетін болады. Сонымен бірге, «Самұрық» корпоративтік қорының демеушілігімен Қызылорда қаласындағы Ж.Махамбетов ауылдық округінен көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталады, - деді аймақ басшысы.
Спорт саласының Құрметті ардагері, спорт ардагері Юрий Ким теннисшілерді жаңа корт ашылуымен құттықтап, Елбасымен бір теннис кортында кездескенін еске алды. Сондай-ақ, теннистен республикалық турнирлердің жеңімпазы Урсула Рахмет облыс басшылығына аймақта спорт саласын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмысы үшін алғысын білдірді.
Жаңа теннис кортының ғимараты жазғы мезгілде ойнауға арналған. Ғимараттың ені 45 метр, ұзындығы 90 метр. Ғимаратта 4 теннис корты орналасқан және басқа да спорттық ойын түрлеріне алаң қарастырылған. Оның ішінде бір мезетте 16 адам немесе 40 бала жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Нысанның құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталып, 2021 жылдың маусым айында аяқталды. Қазіргі таңда «Нұрсәт» теннис орталығында 120 спортшы мен 3 жаттықтырушы жұмыс жасайды.
Жасалған жұмыстардың нәтижесінде спортшыларымыз жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, ел абыройын асқақтатуда. Жыл басынан бері облыс спортшылары ел чемпионаттары мен кубоктарында 557 медаль еншілесе, Әлем және Азия чемпионаттарында 47 медальға қол жеткізді. Токиода өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындарына облыстан 3 спортшы жолдама алды. Олар: бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, еркін күрестен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дәулет Ниязбеков және каратэ-додан үш дүркін Әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай. Сонымен қатар, Қамшыбек Қоңқабаев Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасының туын ұстау құрметіне ие болды.