Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Алматыда "Аякс" клубының академиясы ашылды

Алматыда "Аякс" клубының академиясы ашылдыАлматыда Голландияның "Аякс" футбол клубының серіктестігімен Халықаралық футбол академиясы ашылды.
Халықаралық футбол академиясының ашылуына орай Алматыға "Аякс" (Амстердам, Нидерланд) футбол академиясының да өкілдері келді. Сондай-ақ, салтанатты шараға Қазақстан футбол федерациясының Алматыдағы өкілдігінің директоры Виктор Катков пен ҚФФ Балалар-жасөспірімдер бөлімінің маманы Игорь Утробин де қатысты. ЦСКА спорттық базасында 10-12 жастағы балғын футболшылар алдымен "Аякс" академиясының жаттықтырушысы Патрик Ладрудың жетекшілігімен жаттығу өткізіп, көпшілікке өнерлерін көрсетті. Ал жаттығу барысында жеткіншектердің ойынына көңілі толған голландиялық маман қазақстандық балғын футболшылардың физикалық әлеуеттері мен футболға деген құлшыныстарын атап өтті. Сондай-ақ, жаттығу процессін сырттан бақылап тұрған жергілікті мамандар да өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, "Аякс" жаттығу методикасының өте пайдалы, балалар үшін ыңғайлы, әрі қарапайымдылығын атап өтті.
Жаттығу аяқталған соң «Интерконтиненталь» қонақүйінде журналистерге арналған баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, оған шетелдік қонақтар мен жергілікті мамандардың барлығы қатысты. Мәслихат барысында БАҚ өкілдеріне Академияның алдағы жоспарлары таныстырылып, бұл жобаның ел футболына серпін беретініне сенімдерін білдірді
Айта кетейік, Амстердамның "Аякс" академиясы бүгінде әлемдегі ең үздік футбол фабрикаларының бірі ретінде танымал. Мұнда әлемдік деңгейдегі футболшылардан бастап, небір танымал бапкерлер де түлеп ұшқан. 
"Аякс" академиясынан түлеп ұшқан футбол аңыздары: Йоханн Кройф, Маркован Бастен, Франк Райкард, Эдвин ван дер Сар, Деннис Бергкамп, Эдгар Давидс, Патрик Клюйверт, ағайынды Роналд және Франк де Бурлар, Кларенс Зеедорф және басқалар. Бертін келе "ақ-қызылдар" мектебі әлемге Златан Ибрагимович, Рафаэль ван дер Ваарт, Уэсли Снейдер, Найджел де Йонг сынды көптеген саңлақтарды сыйлады.
Виктор Катков, ҚФФ-тың Алматыдағы өкілдігінің директоры:
- Қазақстан футболы үшін, жалпы оның дамуы жолында "Аякс" футбол академиясының ашылуы Қазақстан аяқдобы үшін тарихи оқиға. "Аякс" — әмбеге шебер футболшыларды дайындаумен әйгілі. Еуропалық осы клубтан тәлім адған балғын болашақта ел намысын ішкі аренада да, халықаралық аренада да абыроймен қорғайды деген үміттеміз. Жақын болашақта-ақ біз бұл жобаның пайдасын көретінімізге сенімдімін. 
Игорь Утробин, ҚФФ Балалар-жасөспірімдер бөлімінің маманы:
-  Игілік үшін салынып жатқан бұл Академия ел футболына орасан пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Мақсаты айқын. Бастапқы кезеңде алдымен аймақтық федерацияның аясына өтіп алу қажет. Стратегиялық мәселелер мен материалдық-техникалық базаны, одан кейін бапкерлер мәселесін шешіп алу керек. Методикалық сұрақтарға байланысты мәселелерді голландиялық маманның өзі шешетінін түсіндім. Осы жобаны қолға алған құрылтайшыларға сәттілік тілеймін!
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: