Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Қазақ хандығының астанасы

Белгілі ғалым Зардыхан Қиянатұлының қазақ мемлекеттігі Ақ Орда хандығынан басталады. Өйткені оның халқының негізгі бөлігін қазіргі қазақ ұлтын құрап отырған байырғы тайпалар (Үйсін, Қаңлы, Дулат,Арғын, Қыпшақ, Найман, Жалайыр қатарлы) құрады.
Жошы ханның ұлы Орда Еженнің жетінші ұрпағы Орыс хан Ақ Орданың шаңырағын көтерген алғашқы дербес билеушісі, Қазақ хандарының атасы (Қазақ мемлекетінің алғашқы ханы) болып танылады деп көптен бері айтып жүр. Ал, Қазақ мемлекетінің алғашқы ресми әскері – «Алаш мыңдығы» Орыс ханның тұсында, Сығанақта жасақталды. Мыңдықтар ақ-қара ту ұстап «Алаш» деп ұрандап жауға шапты, ел, жерінің тұтастығын жанкештілікпен қорғады дейді. Енді ғалымның өзіне сөз берейік:
Көшпенділер өзгелерге ұқсамайтын ерекше сындырлы өркениет жасаған. Деректерге жүгінсек, б.з.б. 128 жылы төтенше тапсырмамен сыр бойына келген қытайлық Чжан Цян тек бір ғана Ферғана өңірінде (Сырдың ортаңғы бойы) ірі 70 қала бар деп жазыпты. (Уәхит Хамзаұлы Шәлекенов. Түріктің отырықшы өркениеті. - Алматы; Қазақ университеті. 2003, 100-б.). Тек, қазіргі Моңғолия жерінде ежелгі түркі-моңғол-қидандардың 220 қала, қалашығының орыны жатыр. Зерттеушілер тек Жошы ұлысы қарамағында 150-200 қала болғаны жайлы хабарлайды. ХІ ғ. өмір сүрген ғұлама Жүсіп Баласағұн:
Болған талай қалалар да халық та,
Уақыт көмді бәрін жерлеп табытқа.
Болған талай ауылымыз, тайпамыз,
Енді соның ізін тауып байқаңыз,– деген аманат қалдырды (Жүсіп Баласұғын. Құтты білік. - Алматы, 1986. 602-605-бб.).
Тарихта Сыр бойы қалаларының қатарында Сығанақ қаласының маңызы бөлекше. Сығанақ қазақтың алғашқы мемлекеті – Ақ Орданың астанасы болған. Қала 982 жылы салынған деген дерек «Худуд ал-Алам мин ал-Машрик ила-л-Магриб» («Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары») атты авторы белгісіз еңбекте «Сунах» атауымен алғаш белгілі болды. Мұнда протоқазақтық Қимақ мемлекетінің далалық аймақтары мен қалалары туралы жазылған (Бартольд В.В. Худуд ал-Алам . Рукопись Туменского Л. 1930).
Х ғасырда өмір сүрген араб географы әль-Мұкаддаси (Макдиси) Сығанақты Отырармен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Сығанақ пен Отырардың ара қашықтығы 24 фарсах (160 км). «Сығанақ» атауы ежелгі түрікше «Қамал, қорған» деген мағынаны білдіреді. Мұсылман деректерінде Сығанақ «Дарь-уль-Куфр» немесе «дінсіздердің ордасы» атанып келді. Өйткені, Сығанақ ХІІ ғ. соңы ХІІІ ғ. басында әлі де мұсылман дінін қабылдай қоймаған, Тәңірге табынған көшпенді қыпшақ хандығының шығыс астанасы болатын. Абдулла-намеде Сығанақ туралы «Ол – ежелден бері қыпшақ (қазақ) хандарының астанасы» деп жазады. Хорезм шах Атсыз (1127-1154жж.) және Ала ад-Дин Мухаммед дінсіздерді бағындару үшін Сығанаққа бірнеше дүркін жойқын жорықтар жасап, ақыры Сығанақ билеушісімен бейбіт келісімге келді. Нәтижесінде Сығанақ Шығыс қыпшақ даласындағы гүлденген қалалардың біріне айналды. «Худуд-аль-Аламда» Сығанақ дейірменінде тартылған ұн әлемнің шартарабына таратылатыны туралы жазылған.
Сығанақтың ең бір дәуірлеген кезеңі – Жошы ханның төртінші ұрпағы Сасы-Бұқаның тұсы (1309-1315). Ерзен ханның тұсында Сығанақта Ақ Орда хандарының атында күмістен ақша құю ісі жолға қойылды. Ол кезде хандарының атында ақша соғу деген биліктің дербестігін көрсетеді. Ерзен хан 25 жыл билік құрып 1344/1345 жылы дүние салып Сығанақта жерленді. Осыдан бастап Сығанақ Жошы хан – Орда ежен әулетінен тараған ақордалық ақсүйектерін жерлейтін ата қорыққа айналды.
Мүбәрәк-Қожа кезінен Ақ Ордада басталған бүліншілік 16-17 жылға жалғасты. Тек, 1351-1361 жылдар аралығында Орданың 8 ханы өлтірілді. Бүліншілік 1361 жылы Орда тағына Шымтайұлы Орыс ханның келуі арқасында тынышталды.
XIV ғ. екінші жартысында Ақ Орда мемлекетін «Орыс хан ұлысы» деп те атаған. Орыс хан Сығанақта хан сарайын салдырды. Қазақтың алғашқы қарулы қолы «Алаш мыңдығын» жасақтап, ақ -қарала ту алып жауға шапты. Орыс ханның атында ақша соғылды. Сығанақ жұрты тарихи әдебиетте «Алаш елі» атанды . Ш.Уәлиханов және А.И.Левшиндер Орыс ханды «Алаш хан» деп атап, оны қазақ хандарының атасы деп тануы тегіннен тегін емес(Валиханов Ч.Ч. Собр.соч., в пяти томах. Т.2. - С. 160-161; Левшин А.И. Описание киргиз-казчьих или киргиз-кайсакцких орд и степей. 4-1. - СПБ, 1832. - С. 274-275;). Қазақ түсінігінде «Алаш» ұғымы «қазақ» атауының баламасы болып табылады. Сондықтан, Алаштың астанасы Сығанақты – қазақтың астанасы деп тануға толық негіз бар.
Сығанақ жайлы аса құнды дерек қалдырған авторларының бірі Мұхаммед Шайбани ханның жылнамашысы Фазлалах ибн-Рузбихан Исфахани. Ол өзінің «Михман-наме Бұқар» («Бұқара қонағының жазбалары») атты еңбегінде «Дешті қыпшақты жер жұмағы» деп атап, Сығанақтың орналасу жайы аса қолайлы, ол Дешті Қыпшақтың шекарасы, Түркістанның орталық шебі, онда «күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып кешке қарай одан түйір де қалмайтын» деп жазған еді. Дештінің атақты хандарының мәйіті міндетті түрде Сығанаққа жерленіп қабірінің үстіне кесене (мавзолей) тұрғызылатыны туралы деректі жазып қалдырған да осы Рузбихан.
XIV ғ. соңына қарай Сығанақ үшін күрес күшейді. 1375-1376 жылдардан бастап бұл күреске Мауеренахр билеушісі Темір араласа бастады. Ол өз ордасына бас сауға іздеп келген Тоқтамысқа Сығанақты сыйға тартты. Темірдің бұл әрекеті Орыс хан бастаған Ақордалықтардың қарсылығын тудырды. Қалыптасқан жағдайға байланысты Орыс хан 1375 жылы үлкен Сарайдан Сығанаққа қайтып оралды.
1376 жылдың қараша күзінде Сығанақ үшін бір жағынан Темір-Тоқтамыс қолы, екінші жағынан Орыс ханның ұлы Темір Мәлік қолы арасында ұлы шайқас болып Темір Мәлік қолы жеңіліс тапты. Сөйтіп Сығанақ Тоқтамыстың қолына өтті. Орыс ханның немересі Барақ хан 1423 жылы Сығанақты қайтарып алды. Сығанақ кімге тиесілі екендігін Барақтың Ұлықбекке қойған датынан айқын көруге болады. Онда «Сығанақ жайылымы әдеттегі заң ережелері бойынша маған тиесілі, өйткені менің атам Орыс хан Сығанақта Орда тұрғызған» деп жазылған (Д′Оссон К. От Чингисхана до Тамерлана. - Алматы, 1996. - С. 116.).
Ақсақ Темір 1395-1396 жылы Тоқтамысқа қарсы жорықтан қайтқан жолында Қажы тарханды, Сарайды жаулап алып, Сарайды жермен-жексен етіп қана қоймай, жолай Сығанақты да қиратты. Сығанақты 1446 жылы шайбанилік Әбілқайыр басып алды. Бірақ, Орыс ханның ұрпақтары Әбілқайыр билігін мойындамады. 1456 жылы Әбілқайыр мен қалмақ Енге төре арасында Сығанақ үшін болған ұлы шайқаста Әбілқайыр жеңіліс тапты. Орыс ханның шөбелері Жәнібек пен Керей бастаған Ақ Орда хан ұрпақтары Әбілқайырдың әлсірегенін пайдаланып стратегиялық шегініс жасап ел ордасын Шу бойындағы Қозыбасына әкеліп тігуі Сығанақтың саяси маңызын әлсіретті. Бірақ, Сығанақ өлкесі территориялық тұрғысынан қазақ мемлекетінің қарамағында қала берді.
Соңғы орта ғасырларда Сығанақ талай қияметті басынан кешірді. Ақ Орда хандары мен Темір әулеті арасында, кейінірек қазақ хандары мен (Мұрындық, Қасым хан) Мұхаммед Шайбани, оның ұрпақтары арасында Сығанақ үшін талай кескілескен ұрыстар болды. Үздіксіз жүргізілген соғыстардың салдарынан қала әлденеше рет шабуылға ұшырап, қирап, сынып, ақыры XVII ғасырдың ішінде бір кездері салтанаты асып тұрған қала үлкен үйіндіге, төбешікке айналып жер астында қалды. Қаланың орны Ташкент темір жолынан Төмен-Арық станциясының солтүстік-шығысына қарай 20 шақырымда жатыр.
Тағы да оқыңыздар:
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: