Ақынның өзі жазғандай, Сыр сүлейлерінің жырларын, теңіздей толқыған назым сөздерді жаттап өсіп, «Талаптың мініп тұлпарын» өзі де өлең шығара бастаған. Алғашқы өлеңі 1929 жылы «Сыр бойы», кейіннен ашылған Қармақшы, Жалағаш аудандарының газеттерінде жариялана бастайды. Халық өлең-жырларынан нәр алған. Т.Үркімбаев өлеңнің бірінен соң бірін шығарады. Ол колхоз құрылысы, социалистік дәуірді қуана сөз етіп, еңбеккерлерді сол дәуірді жақсартуға шақыра үндеп жырлаған.
Ақын қаламынан туған жырлардан (1925-1955жж.) сол кезеңнің тарихи шындығымен болмысын көреміз. Жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, жатыпішер жалқаулар, саудадағы балықтар, колхоз ісіндегі оралымсыздықтардың бәрі де Төкең көзінен, қаламынан таса қалмаған.
Т.Үркімбаевтың өлеңдері 70 жылдағы Қазақстанда өткен саяси, әлеуметтік, мәдени оқиғалардың бет бейнесін аша отырып, оны бүгінгі ұрпақтарға тарихи мұра ретінде тарту еткен.
«Социалды Қазақстан» газетінде (12 желтоқсан, 1935 жылы) Ә.Аталықов өзінің «Талант» атты мақаласында Т.Үркімбаевтың шығармашылығына талдау жасай отырып, оның ақындық дәрежесіне әділ баға береді.
«...Әттең науқастан самсаған қолдан, шаршы топтан озатын жүйріктің аяғына ақау түсіріпті. Бірақ Төлеубай ақын төсек тартып қалса да, қолынан қаламы түсіп көрген емес, дәуірдің ұлан-ғасыр дүбіріне үн қосқан ақын» деп жазыпты. Шынында да ақынның әрбір өлеңінен дәуір шындығының бетпердесін көреміз. Ақынның өз сөзімен айтсақ.
...Колхозшыға дем беріп,
Екпінге екпін жел беріп,
Білгенімді айтып ем.
Қазылып жатқан арықты.
Шауып жатқан халықты
Жағалап өтіп қайтып ем,
деп, өзінің қалың халықпен бірге болғанын айтады.
1932 жылы партия қатарына өтсе, 1939 жылы КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған. Ақын жырлары сан тақырыпта: өмірде өзі көрген күнделікті күйкі тіршіліктен сөз қозғаса, енді бірде Абай, Жамбыл сияқты жыр дүлдүлдеріне арнау шығарған. Ауылға келген қуатты трактор үніне өлеңімен үн қосады. «Ат пен трактор», «Айымкүлге», «Оспан ағайға». т.б. сынға құрылған өлең-жырлары бар. Кей уақытта саяси тақырыпқа бой ұрып, Трумэн, Черчилльдерді түйреп өткен.
Ақын өлеңдерінің тағы бір ерекшелігі кең тыныспен бұрынғы кездерде шыққан «Алпамыс», «Қобыланды батыр» жырларындағы кездесетін теңеулерді тамаша мәнімен Т.Үркімбаевтың жырларынан да оқимыз. Төкеңнің «Трактор күйі» атты өлеңінде:
«...Ойлау жерден ырғытып,
Сырғып кетіп барады.
Қырлау жерден қарғытып,
Ырғып кетіп барады», – десе.
«Ұры» атты сықағында:
«...Жолдастар-ау бұл жұмыс
Сұмдық емей немене?
Істеп жатқан мынау іс
Ұрлық емей немене?» – деп екпіндете толғаған.
Төлеубай Үркімбаев – қысқа толғау-жырларымен қатар айтыс ақыны. 1944-45 жылдары Қызылорда қаласында өткен облыстық айтысқа қатысып, жүлдеге ақ боз үй алып, ат мінген.
Т.Үркімбаевтың ақындық өнері жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасының 15 жылдығына орай (1935ж.) арнайы белгімен, 1945 жылы «Кұрмет белгісі» ордені және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Ақын өмірі өлеңімен өрілді, өлең оған қанат бітірді, биіктерге көтере білді. Шынында да өмірі өлең болатын.
Ақынның өкшелес інісі, жырау Ақмырза Тұяқбаев өзінің естелігінде: «Т.Үркімбаевпен мен 1943 жылы барып таныстым. Бұл кезде ол кісі Жалағаш ауданының «Қызыл ту» колхозында тұратын. Ойын-сауық қойып жүріп, сәлем бермей кетпейтінбіз. Сол жылы әйелі Алмагүл Ермаханқызы босанып (1943 жылы), құтты болсын айтуға Нартай, Әлібек, Күндебай бәріміз барғанымызда, өзі сері адам біздерді күлдіріп отырды. Сөз арасында Төкең «Мына жас нәресте бірде аузын ашады, бірде жабады, біз оның күліп, не жылап жатқанын білмейміз, екеуміз де саңыраумыз», – деп күлдіре түсіпті. Осы жолы күлдіргі ақын Күндебай сәбидің аузына түкірсе, Нартай ақын: «Төкең отбасына қуаныш келді ғой» деп, жас сәбиге Қуанышбай деп ат қойыпты. Сол Қуанышбай атжалын тартып азамат болып, әке мұраларын талмай іздеп жүр.
Төкеңе ұқсап қолына қалам ұстаған туған інісі Ауқат Ысмайылов былай дейді: «...Аға 1916-1920 жылдар арасында әскердің қара жұмысында, Жосалы, Жалағаш стансаларының темір жолында жұмыс істеді. Көп оқып, көп жазатын. Тағдыр салған тауқыметке қарсы өлеңімен күресті».
«Ақындарға арнау» атты өлеңі төрт аяғы тең тұрған, ұрпаққа өнеге тастар жалынды үн болған. Оның мәні бүгін де өшкен жоқ.
...Ұрпақтарға кейінгі
Өшпейтін мұра жасайық.
Қазіргі күшке күш қосып,
Табысқа табыс қосайык.
Табыс жақты жырласақ,
Тау суындай тасайық.
Кемшілікке келгенде,
Кесірдің бойын өсірмей.
Кесе бүктеп басайық, – деп ақындарға шабыт бере жырлаған. Төлеубай Үркімбаев қармақшылық Бисенбай Қасқырбаев, қазалылық Байназар Өтеповпен айтысқа түсіп, айтыстың өркендеуіне көп үлес қосқан. Ақынның 80 жылдығында туған ауылы мен Жалағаш ауданының орталығының бір көшесіне Т.Үркімбаев есімі берілген.
Өз заманның жоқшысы болған, халық сөзін айтқан ақын Төлеубай Үркімбаевтың шығармашылығы жөнінде әдебиетші, ғалымдар Есмағамбет Ысмайылов, Мардан Байділдаев, Зияда Ижанов, Ауқат Ысмайлов және осы жолдардың авторы өз пікірін әр жылдарда білдірген болатын. Ақын жүрегі 1955 жылдың 12–ақпанында тоқтады.
Т.ДАЙРАБАЙ.