Қазақта күйшілік өнермен қатар, аспаптың да түрі сан алуан. Қозықұйрық домбыра міндеті мен қолдануы, орындаушысы мен сапасына қарай түрлене береді. Домбыра жасаудың өзі қолөнерге икемділік, музыкалық біліктен бөлек, қайсарлықты да талап етеді. Бес мың жылдық тарихы көнекөз домбыраның қалыптасу жолы да сан қилы. Әуелде қасиетті аспап үш ішекті және бітеу болған деген болжам бар.
Кейіннен шанағы ойық, екі ішекті домбыраның даму әдісі бүгінге дейін беймәлім. Не десе де, домбыра шеберлерінің дыбыс қуатын ұлғайту, әуез бояуын түлендіру бағытындағы жаңашылдығы оң нәтиже бергені анық. Сонымен қатар, Ән домбырасы мен күй домбырасының пішіні де өзара ерекшеленетінін ескеру қажет. Осы орайда белгілі домбыра шеберінің аспаптың жасалу технологиясына қатысты пікірін келтірейік:
–Шеберлердің бір домбырасы 4-5 түрлі ағаштан жасалады. Сол себепті, бір домбыра бір ғана ағаштан жасалады деп ойлау қате. Өзімізде өсетін ағаштардан жасалатын домбыралар арзан болады. Ал шетелден әкелінетіндер қымбат. Өйткені ол ағаштардың сапасы жақсы, құрылымы жағынан тығыз болып келеді. Мысалы, Қазақстанда қызыл және қара ағаш мүлдем өспейді. Бізде еменнің бір ғана түрі өссе, шетелде оның бірнеше түрі бар. Яғни бізде өсетін ағаш пен шетелдің ағашын салыстыруға келмейді. Бірақ, бұл ағаштардың бәрін қазіргі таңда елімізден табуға болады. Ол үшін қалтаңызда ақшаңыз болса жеткілікті, – дейді домбыра ұстасы Нұржан Ділмәнов.
Шынымен домбыра жасау – асқан ыждақаттылықты талап ететін өнер. Шеберлер шамамен бір домбыра жасауға 3-4 күнін арнайды екен. Бірнеше аспапты қатар жасауға талпынса, айына 30-40 домбыра жасауға болатын көрінеді. Сондай-ақ домбыра шебері аспаптың жасалу технологиясы туралы былай дейді:
– Біз ең бірінші тапсырысқа сай ағаш сатып әкелеміз. Қара ағаштан немесе жаңғақтан домбыраның шанағын кесіп шығарамыз. Оның қалыңдығы 3 миллиметрдей болады. Үшінші қалыңдығы 2,5 немесе 3 сантиметр болатындай етіп домбыраның мойын ағашын кесеміз. Осы мойын ағаш адамның қолы үшін өте ыңғайлы болуы керек. Кейін шанақты қалыпқа салып иіп, пешке күйдіреміз. Тұлыбы құралған соң, домбыраның құлағы орналасатын бас ағашты жабыстырамыз. Осыларды дайындап болғаннан кейін бетін дайындауға кірісеміз. Оның өзіне төрт түрлі ағаш қажет. Бөліктерді өзара желімнің көмегімен жабыстырып отырамыз.
Академик Ахмет Жұбановтың домбыраға берген бағасында: «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ой, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі» деген болатын. Сол себепті, домбыраны қастерлеу, насихаттау – әр қазаққа арылған жүк, қасиетті парыз деп ұғыну маңызды.